Олжас Бектенов индустриалды аймақтың әлеуетімен танысты

Биыл Қостанайда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 2,5 трлн теңгеге жеткен. Сондай-ақ жалпы құны  124,7 млрд теңге болатын 6 индустриялық жоба жүзеге асты. 

Ілкімді бастамалардың нәтижесінде екі қолға бір күрек таппай жүрген 1,5 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Қостанай облысына сапары аясында жергілікті билік өкілдері осындай деректермен бөлісті. Премьер-министр индустриалды аймақта Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді және әлеуметтік жобалардың маңызына тоқталып, шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыруға көңіл бөлу керектігін жеткізді. Сондай-ақ білікті кадр даярлап, цифрлық технология мүмкіндіктерін өндіріске дендеп енгізуге басымдық беру қажеттігін атап өтті.