Тамақтану сапасын бақылау бойынша мониторинг нәтижелері жарияланды
Келер жылы Алматы мектептерінде балаларды тегін тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі 1,5 млрд теңгеге артады.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды. Әкімдік өкілдері оқушылар санының көбеюімен және білім беру, тәрбие ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа стандартын енгізуге байланысты тиісті шешім қабылданды- дейді. Жиында ведомствоаралық сарапшы топ мектептердегі тамақтанудың сапасын бақылау бойынша мониторинг нәтижелерін де жариялады.
Тексеру жұмыстарына қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары, әкімдік өкілдері мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Олар 215 мектептің асханасын тексерген. Нәтижесінде жұмыс құралдарын сақтау ережелерінің бұзылуы және санитарлық кітапшаның болмауы анықталған.
Гүлнар Какимова, қалалық СЭБД білім беру және тәрбие нысандарын бақылау бөлімінің басшысы:
- Мониторинг қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар жасадық. Сондай-ақ Наурызбай ауданында жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның нәтижесінде жеке кәсіпкерлерге 425 580 теңге көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Қазір Алматыда ғылыми негізделген тамақтану нормалары мен Тағамтану академиясының ұсыныстары ескерілген біріңғай төрт апталық мәзір қолданыста. Республика бойынша мектептегі ең қымбат түскі ас Алматыда, бір балаға 850 теңге қарастырылған. Келесі жылы білім беру ұйымдарындағы тамақтануға бөлінетін қаржы бір жарым миллиард теңгеге көбеймек.
Әсем Нүсіпова, қала әкімінің орынбасары:
- Қоғамдық кеңес, депутаттар тарапынан бақылау жүргізген дұрыс деп есептеймін. Осы жылдың нәтижесі бойынша қала мектептерінде өрескел кемшіліктер тіркелген жоқ. Келесі жылы оқушыларды тамақтандыру сапасы арта түспек. Мәселен, биыл бұл салаға 16,8 миллиард бөлінсе, келесі жылы инфляция индексін ескере отырып, тамақтанудың сапасын жақсарту мақсатында бөлінетін қаржы 18,2 миллиард теңгеге жетеді.
Ведомствоаралық сарапшы топтың отырысында қоғамда талқыланып жатқан мектептегі тамақтанудың жаңа стандартының басты талаптары айтылды. Жаңа құжат бойынша мектеп мәзірінде қант, тұз, ұннан жасалған тағам мөлшері азайтылып, көкөніс, жемістерге басымдық берілмек.
Рафаэль Гасанов, қоғамдық кеңес мүшесі:
- Қазіргі мәзірге келсек, шынымен де бізде балалардың кейбір тамақтарды жемейтіні, оны амалсыз қоқысқа тастайтын жағдай кездеседі. Талқыланып жатқан жаңа стандартта осы мәселеге қатысты түзетулер мен ұсыныстар енгіздік.
Білім ошақтарының асханасын жүргізетін кәсіпкерлердің де өз айтарлары бар. Құжат «Нормативтік құқықтық актілер» порталында қызу талданды. Барлық тараптың пікірі ескерілген жөн. Сондықтан сарапшылардың өтініші бойынша білім беру мекемелеріндегі тамақтанудың жаңа стандартын қоғамдық талқылау уақыты ұзартылды. Ал, ведомствоаралық сарапшы топ жыл соңына дейін 82 білім нысанының асханасына мониторинг жүргізбек.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов