Абай облысында мал ұрлығы көбейіп тұр
Елде мал ұрлығы тыйылар емес. Жаз жайлауда жүрген жұрттың төрт түлігі, қыс келе ізім-ғайым жоғалады. Мал даладан да, қорадан да ұрланады. Ұры атаулымен күрес күшейсе де, қылмыстың тамырына балта шабу қиынға соғып тұр.
Абай облысында айдың-күннің аманында малынан айырылғандар аз емес.
Соның бірі - Жарма ауданына қарасты Суықбұлақ ауылының тұрғыны Нұржамал Баймағанбетова. Қолды болған ірі қарасының шығыны шаш-етектен. Жалпы құны 12 миллионды құрайды. Оның айтуынша, құныққан ұрылар тек пышаққа ілінетіндерін ғана таңдайды.
Нұржамал Баймағанбетова, шаруа қожалығының басшысы:
- Менің өз басымда қыркүйектің 15-16 қарай 21 бас ірі қара ұрланып кетті. Іле шала бір айдан кейін 18-ші қазанда тағы 8 басымыз қолды болды. Біздің ауыл шаруашылығының жұмысы өте ауыр. Мал асырауымыз керек. Оған шөп жинауымыз керек, қыстан алып шығуымыз, төлдетуіміз керек. Оның бәрін істеп болғанда ұрлық басталады. Міне, үш рет жоғалттық, бірде-бірі табылмады. Ұрлықтың ашылуы – нөл.
Жоғалғанын жоқтаған ауыл жұрты, ұрыларға тосқауыл қойылмаса, сонында таяқ ұсатап қаламыз ба деп алаңдаулы. Ал, полиция қызметкерлері төрт-түлігінен көз жазған тұрғындардың өзін кінәлі санайды. Абай облысы мал ұрлығы деңгейі жоғарғы аймақтардың бірі. Жыл басынан бері өңірде 126 мал ұрлығы дерегі тіркелген.
Айдын Қабитаев, Абай облысы ПД КПБ Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Жалпы материалдық шығын 219 млн теңгені құрап, оның 120 млн теңгесі өтелген. Мал ұрлығының жасағаны 18 адам ұсталды. Олардың 11-і төрт қылмыстық топтардың мүшелері болып табылады. Облыс аумағында мал ұрлығымен күрес бағытындағы жұмыстар жалғасады. Аталған бағыттағы іс-шаралар ерекше бақылауда ұсталады. Мал ұрлығының негізгі себептері малды жайылымда қараусыз қалдыру. Бұл қылмыс жасауға қолайлы жағдай туғызады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, полиция тарапынан қылмыстың жолын кесуге барлық күш жұмылдырылған. Елде қылмысты ашу дерегі де аз емес. Мәселен Атырау облысында 14 мәрте мал ұрлаған жігіт 7 жылға сотталды. Ол 3 айда 34 ірі қараны қолды қылған. Осылайша мал иелеріне 5 млн теңге шығын келтірген.
Бауыржан Оңдасын, Атырау облыстық ПД КПБ Аға жедел уәкілі:
- Жедел іздестіру шаралары кезінде ұялы телефондарынан ұрланған малдың фотосуреттері және малды сатып алған Құлсары қаласының тұрғынынан заттай дәлелдемелер алынды. Қылмыстық кодекстің 188-13 бабымен мал ұрлау фактісі бойынша іс сотқа жолданды.
Дегенмен кейінгі жылдары мал ұрлығы бұрынғыдан азайды дейді полицейлер. Мәселен, 2022 жылы 1800 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы оның саны 1470-ке дейін төмендеген. Ал биыл жыл басынан бері 1133 дерек тіркелген.
Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы:
- Жалпы соңғы бес жылда мал ұрлығы 64%-ға азайды. Жыл басынан бері 419 мал ұрысы ұсталды. 65 қылмыстық топ жойылды. 3,5 мыңға жуық мал иелеріне қайтарылды. Айта кету керек, мал ұрлығы үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жаңа технологияны қолданып, мал басын түгендеуге болады. Алайда не бұған, не малшыға ақшасын жұмсағысы келмейтіндер де табылады. Салдарынан қыруар шығынға батып, опық жеп жатады. Тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алу үшін малды қараусыз қалдырмауға, GPS-трекерді қолдануға, төрт-түлікті таңбалауға кеңес береді.