Павлодарда орманға күзет күшейді

Елде қылқан жапырақты орманды қорғау акциясы басталды. Мемлекеттік орман қорында күзет күшейді.

Павлодар облысы бойынша 44 мобильдік топ құрылып, 10 бақылау бекеті ашылды. Биыл облыста шырша саудасымен небәрі жеті кәсіпкер айналысып жатыр. Алтауы Ресейден 6 мың 400 түп қылқан жапырақты әкелген. Тағы бір кәсіпкер  жеке тұқымбағында өсірген мың дана ағашты саудаға шығарды.

Лариса Новикова үйіне жасанды шырша қоймақ. Бірақ табиғи шыршаның жұпар иісіне жетпейді дейді ол. Сондықтан бір бұтағын ғана сатып алуға келіпті.

Лариса Новикова, қала тұрғыны:

- Мен жасанды шырша қоямын. Әрине әдемі. Бірақ мереке күні үйімнен шыршаның иісі аңқып тұрғанын қалаймын. Үш метр шыршаны кесіп, табиғатқа зиян келтірген дұрыс емес. Кішкентай бұтағы да жетіп жатыр.

Әнуарбек Жанғұловтың тұқымбағы бар. Жүз гектар алқапқа қылқан жапырақты өсіреді. Бүгінде ағаш саны  елу мыңнан асыпты. Айтуынша, орманды өрттен, құрғақшылықтан, басқа да табиғи факторлардан сақтау үшін сиретіп отыру керек. Қисық өскен, дауылдан кейін құлап қалған ағаштарды кесуден табиғат зиян шекпейді. Өзі биыл биіктігі бес метрден асатын ағаштардың ұшын кесіп, сатылымға шығарыпты.

Әнуарбек Жанғұлов, Орман шаруашылығының инженері:

- Бұл шырша енді өзіміздің өсіргеніміз. Біз оған былай қойғанда ешқандай зиян келтірмейміз. Оны тазалап, күтім жасап, кескен кезде табиғатқа зиянсыз жинай аламыз. Қазақстанда тек Шалдайдың массивынан табуға болады.

Павлодарда шырша сатумен жеті кәсіпкер айналысады. Көрші Ресейден 6,5 мыңға жуық қарағай, шырша ағашы жеткізілген. Қала бойынша 25 жер белгіленіпті. Бағасы биіктігіне қарай 5 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін барады. Көпшіліктің таңдауы көздің жауын алатын жасанды шыршаға қарағанда табиғи шыршаға көбірек түседі.

Динара  Малдыбаева, қала тұрғыны:

- Жасанды шырша болады, бірақ тірі болғаны жақсы ғой балаға, иісі бар. Шыршасыз қалай Жаңа жыл өтеді? Балаға қызық.

Жаңа жылдық қарбалас желтоқсанның 25-нен кейін басталады. Дегенмен шырша саудасы қызған.

Климентий Квиртия, шырша сатушы:

- Менің  шырша сатумен айналысқаныма үш жыл болды. Әдетте сауда желтоқсанның жиырмасынан әрі қарай қыза түседі. 31 желтоқсанда келіп шырша сатып алатындар да бар. Әкелген шыршамыздың бәрі сатылып кетеді.

Облыс аумағында заңсыз ағаш кесудің алдын алу мақсатында табиғатты қорғау полициясы мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы  рейд жүргізіп, кәсіпкерлердің құжаттарын тексеруде.

Шәміл Елубаев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Инспекция мамандарымен алты рейдтік іс-шара өткізілді. Сонымен қатар мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл рейдтік іс-шаралар полиция қызметкерлерімен бірлесіп жасалады.

Дәурен Қабышев, Табиғат қорғау полициясының инспекторы: 

- Шыршалардың қай жерден жеткізілгенін айғақтайтын негізгі құжатты тексереміз. Оны  Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тіркейді. Осы жылдан  бастап тек түпнұсқалық мөрі бар құжаттармен сатуға рұқсат берілген. Кәсіпкер тек өз құжатымен сатады. Көшірме болмауы керек.

Мемлекеттік орман қоры аумағында күзет күшейген. Қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу үшін 44 мобильдік топ, 10 бақылау бекеті құрылды. Әзірге заңсыз ағаш кесу дерегі тіркелген жоқ.