Елдің қорғаныс қабілеттілігін арттыру бағытында қандай істер атқарылды?
Ел әскері Орталық Азияда сөзсіз үздік. Оған жаһандық Global Fire Power рейтингі дәлел. Қазір Қазақстан 145 мемлекеттің ішінде 58-ші орында тұр.
Ескерерлік жағдай, ел қалқаны – айбынды армиямыз осы позицияны бір жыл еш өзгеріссіз сақтап келеді. Ол үшін биыл қандай жұмыстар атқарылды? Елдің қорғаныс қабілеттілігін арттыру бағытында қандай істер тындырылды?
«Айбынды армия – тәуелсіздік кепілі». 2024 жыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшін осындай ұранмен өтті. Ел әскерін дамытудың басты қағидаты саны жағынан аз, бірақ елдің аумақтық тұтастығын қорғай білетін, қауқарлы армия құру болып табылады. Ол үшін Қарулы күштерде техникалар жаңартылды. Биылдың өзінде әскерилер 500-ден астам жаңа техникаға қол жеткізсе, 50-ге жуығы жөндеуден өткен.
Жаңа техникалардың бірі – «А400М» деп аталған әскери-көліктік ұшағы. Қазақстан бұндай әуе кемесіне қол жеткізген әлемдегі 9-шы ел атанды. Бұл ұшақ 37 тоннаға дейін жүкті көтере алады. Яғни ауыр техникалар мен жауынгерлерді діттеген жерге жылдам жеткізуде таптырмас көлік.
Ерлан Закиров, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаменті басқармасының аға офицері
- А400 ұшағы Еуропа елдерінде Airbus компаниясымен жасалады. НАТО әскерлері осы ұшақпен қарулануда.Бұл ұшақ әскерлеріміздің мобильділігін көтереді. 116 толықтай киінген, қаруландырылған жауынгерлерді десанттау мүмкіндігі бар. Біздің Қарулы күштерде тұрған үлкен қаруларды тасымалдауға өте тиімді.
Айта кету керек, еліміз дәл осындай екінші ұшақты 2026 жылы әкелуді жоспарлап отыр. «Бұндай әуе кемесінің болуы Қазақстанның әскери-әуе күштерінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, елдің қорғаныс қабілеттілігін нығайтуға үлес қосады», – дейді сарапшылар.
Техника техникасымен. Бірақ сарбаздардың жауынгерлік даярлығы мәселесі де бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан да қазір жер-жерде болып жатқан қарулы қақтығыстарға сараптама жүргізіліп, елде әскери дайындық барысына жаңашылдықтар енгізілді.
Дәурен Абдуллин, ҚР ҚК Бас штабы жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары:
- Ағымдағы жылда 5 мыңға жуық атыс және тактикалық оқу-жаттығулар өткіздік. 15 мыңға жуық парашюттан секіру, 200-ге жуық корабльдердің теңізге шығуы іс-шаралары орындалды. Әскердің дайындығындағы осы тактикалық және ату әдістерін көптеп өзгерістер енгізудеміз. Айта кететін жағдай, құрлық әскерлерінің институтның соңғы курс курсанттарымен, біз «Сардар» деген курс өткізіп жатырмыз. Бұл – болашақ офицерлердің курсы. «Сардар» курсы не береді? «Сардар» курсы әскерлердің, болашақ әскерлердің ұйымдастырушылық қабілетін, өзінің физикалық және де сабақ беру, әдістемелікті нығайтады.
Осы жауынгерлік даярлықты арттыру мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өзге мемлекеттердің қатысуымен ел аумағында ауқымды оқу-жаттығу жиындары да өткізілді. Мәселен, Маңғыстау облысында 4 мыңға жуық жауынгер қатысқан «Бірлестік-2024» жиыны. Мұнда тактикалық шаралар әуеде, жерде және Каспий теңізінің акваториясында өтті.
Міне, елдің қорғаныс қабілеттілігін арттыруға бағытталған осындай ауқымды жұмыстардың арқасында Қазақстанның қарулы күштері Орталық Азия төңірегінде үздік атанған. Оған Global Fire Power халықарылық рейтингі дәлел. Қазір еліміз 145 мемлекеттің ішінде 58-орында тұр.
Авторы: Риат Шони