Қазақстан мен Өзбекстан фейк жаңалықтарға қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтады
Қазақстан мен Өзбекстан жалған және фейк жаңалықтарға қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтады.
Бұл жөнінде Ташкентте өткен тиісті сала жетекшілерінің кездесуінде айтылды. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Президенті жанындағы Ақпарат және коммуникация агенттігі келер жылға арналған өзара іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжатты әзірлеу жөніндегі бастама екі ел басшыларының биыл 8 тамызда өткен кездесуінен кейін көтерілген болатын. Нәтижесінде БАҚ саласында екіжақты ынтымақтастық орнатылып отыр. Жоспар медиаконтент алмасу, семинар-тренингтер өткізу, баспасөз-хатшыларының біліктілігін арттыру, жас журналистерді қолдау мен жалған ақпарат таратушыларға қарсы күрес шараларын қамтиды. Осы ретте Қазақстан тарапы медиа жобаларды интеграциялаудың маңыздылығына тоқталып, фейк жаңалықтарға қарсы іс-қимыл механизмін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ тараптар БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасуға бағытталған пресс-турларын өткізуге уағдаласты. Айта кетейік, осы күндері Ташкентте түркі мемлекеттері ұйымының медиа форумы мен Ақпарат саласы жетекшілерінің 6-шы кездесуі өтіп жатыр. Оған қазақстандық делегация өкілдері де қатысуда.