Соңғы бес жылда әйелдерге қатысты қылмыс саны екі есе азайған

Қазір елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Деректерге сүйенсек, әр жетінші әйел экономикалық, алтыншы әйел физикалық, әрбір үшінші әйел психологиялық қысымға тап болады екен. Қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға бола ма?

«Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп үндемей құтылатын дерт бар. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық. Жыл басынан бері осындай заңбұзушылыққа байланысты полицияға 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Нәтижесінде 72 мың қорғаныс ұйғарымы жазылып, 16 мың сот шешімі қабылданды. Сондай-ақ 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс анықталған.

Әйгерім Дәркембаева, ҚР ІІМ ӘПК отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі басқарма инспекторы:

- Елде зорлық-зомбылық құрбандары үшін 69 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері Абай облысындағы мекемеге 117 адам жүгінген. Оның басым бөлігі – әйелдер.

Эльвира Наурызбаева, Абай облыстық дағдарыс орталығы директорының орынбасары:

- Оның ішінде 33 әйел адам, қалғаны балалар.  Олар келген кезде өте ауыр жағдайда келеді. Біреуі дене жарақытымен келеді, бірі күйзеліспен келеді. Үйдегі тұрмыстан қашып келеді. Әйел адамдар өте көп. Бізде ең бірінші психологтар жұмыс істейді қабылдаған кезде, одан кейін медбикеміз, әлеуметтік қызметкерлер мен заң саласы жұмыс істейді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстар саны екі есе азайған. Зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ке, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ке және ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ке қысқарған. Сонымен бірге жедел тергеу топтарының қатарына әйел тергеушілер қосылған.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең үлкен мәселе – жүйелі жұмыс. Қазіргі таңда тергеуші әйелдер мамандығы енгізілді. Өйткені әйел адам басқа адамға барып өзінің зорлық-зомбылық көргенін айтудың өзі екінші қайталаған зорлық-зомбылық деп айтады екен. Соған байланысты бүгінгі таңда 280 нен астам пилоттық жобаның аясында зорлық-зомбылықпен айналысатын әйелдеріміз жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ Қарағанды облысында суперцон деген жобалары бар. Сол жобаның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер үшін әйел тергеушілер азаматтық киімде тұрып көмек көрсетеді.

Биыл елде 12 мыңнан астам профилактикалық шара өтті. Алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 6%-ке төмендеді. Кәмелетке толмағандар тарапынан кісі өлтіру 29%-ке, ұрлық 19%-ке, ал тонау 15%-ке азайды.