Астаналық жастар мемлекеттік қызмет мүмкіндіктерімен танысты
Елде мемлекеттік қызметке құлықты жастар қатары артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Биылдың өзінде жас мамандардың саны 3500-ден аса адаммен толықты. Елге еңбек еткісі келетін ұл-қыздардың бір тобы бүгін мемлекеттік басқару академиясында қонақта болды. Елордалық оқушылар мен студенттер агенттік төрағасынан дәріс алып, саладағы бірқатар мүмкіндіктермен танысты.
Жүректе жалын, көзде от, көңіл алып-ұшып тұрған сәт. Залдағы жастардың қай-қайсысын алсаң да, «сен тұр, мен атайын, сен тыңда, мен айтайын» дейтін жалындылар. Меймандарды агенттік басшысының сөзі тіптен жігерлендіре түсті. «Болашақ ел басқаратын басшысы да, әкім-министр де өздеріңнен шығады», – деп сенім білдірді Дархан Жазықбай. Төраға оқушылар мен студенттерге мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсіндіріп, дәріс өткізді.
Нұртілеу Сүйінбай, оқушы:
- Ең бірінші тәрбиеге, тілге, осы біздің мемлекеттің болашағына деген көңіл бөлуі ұнап жатыр. Осы біздің жастардың болашаққа сенетін ойлары ұнап жатыр. Агенттік басшысының бір айтқаны – болашақ осы жастардың, біздердің қолда екендігі. Болашақ жастарға сенгені ұнап жатыр.
Жүсіпәлі Сламқұл, студент:
- 3-4 курс оқып жатқан кезде жас мемлекеттік қызметшілерге, болашақ мемлекеттік қызметшілерге арналған мүмкіндіктерді көптеп көріп жатырмын. Соның ішінде дәл қазіргі 2023 жылы қабылданған бағдарлама, яғни университет қабырғасында 3,33 GPA жоғары балл жинағандарға мемлекеттік қызметке университет бітіре салысымен жұмысқа кіруіне мүмкіндіктер жасалып жатыр.
Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметте жастарға жасалып жатқан бірқатар мүмкіндікке тоқталды. Алғашқысы – конкурстық іріктеуден өтпей-ақ жұмысқа қабылдану. Бүгінде жоғары оқу орнын бітірген соң білімгер таңдаған мамандығы бойынша бірден қызметке тұруға мүмкіндік бар. Талабы мен білімі жетіп тұрған жастың үлгерімі, жетістігі назарға алынады.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Аудандық, ауылдық әкімдіктерге конкурстық іріктеусіз тест тапсырмастан тікелей тағайындау. Бұл бойынша қазір біз 1,5 жыл болды, 500-ге жуық түлектеріміз аумақтық деңгейдегі мемлекеттік қызметке орналасты. Сонымен қоса қазір ашықтықты қамтамасыз ету бойынша біз «Е-қызмет» порталын аштық. Қазір онлайн жұмысқа қабылдап жатырмыз.
Енді органдардағы бос орындарға орналасу үшін үміткерлер өтініштерін онлайн жібереді. Бұрынғыша кезек күтіп, құжат тасып сабылмайды. Саланы оңтайландыруға бағытталған бастама бүгінде 44 мемлекеттік органда қолжетімді. Биыл жаңа жүйе арқылы іріктеудің саны 2 есеге өсіпті.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Абдулхамит Бөлекбаев.