Астанадағы орталық саябақта шаңғы маусымы ашылды
Бүгін елордада шаңғы маусымының ашылу салтанаты өтті.
Орталық саябақтағы шаңғы-роллер жарыс жолына оқушылардан бастап егде жастағы тұрғындарға дейін шықты. Қысқы спорттың бұл түрі жас талғамайды, дейді ұйымдастырушылар.
Қысқы шаңғы маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған жарыстың алғашқы сайысына 11 жасқа дейінгі балалар қатысты. Олар 500 метр қашықтыққа жарысып, жылдамдығы мен төзімділігін сынады. Ал 12 жастан асқандар 1 шақырымға жүгірді. Жүзден жүйрік шыққандардың қатарында 6 сынып оқушысы Айдарбек Абылайхан да бар.
Айдарбек Абылайхан, шаңғы жарысына қатысушы:
- Мен биатлонға үш айдай қатысып жүрмін. Биатлон маған өте қатты ұнайды. Менің бапкерім Евгенийге рахмет айтқым келеді. Ол маған өте жақын адам болып келеді. Шаңғы спорты менің денсаулығыма пайдалы. Спортпен айналыспайтын адам тез ауырып қалады.
Жасөспірімдер, орта жастағылар мен зейнеткерлер 2,5 шақырымды бағындырды. Бұл жердегі негізгі мақсат жеңімпаз атану емес. Бастысы – мәре сызығын кесіп, өз-өзіңді шыңдау және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу, дейді қатысушылар.
Мұрат Смағұлов, шаңғы жарысына қатысушы:
- Шаңғыдан кейін күні бойы сергек жүресің. Бәрін спортқа, шаңғы тебуге шақырамын. Керемет. Күн райы бүгін тамаша болып тұр. Күннен күнге осы жарысқа қатысушылар өте көп келіп жатыр. Жастар болсын, үлкен кісілер болсын.
Дәулет Хамзин, бас төреші:
- Бүгінгі жарыстарға мың жарымдай адам қатысты. Шаңғы жарысымен бірге бізде қол күрес, гір көтеру, белбеу күрес, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарға қатысу мүмкіндігі бар.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медаль, диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мәреге соңынан жеткен қатысушылар да елеусіз қалмады. Таза ауада шаңғымен жүріп, бойға күш-қуат аламын десеңіз, Орталық саябақ аумағына келіңіз. Шаңғы-роллер жолағына кез келген адам өз сайманымен тегін шыға алады.
Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Досхан Қораз