Атыраулық алып күш иесі көмір тиелген вагонды сүйрейді

Атыраулық алып күш иесі Ерсейіт Бралин көмір тиелген 94 тонна вагонды қиналмай сүйрейді.

Ол пауэрлифтинг және грепплингтен спорт шебері. Ерсейіт Оралда өткен «Толағай алыптары» батыс өңірлік жарысының жеңімпазы. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері, енді салмағы 120 тонна болатын 5 вагонды сүйреп, ел рекордын орнатпақ.

Спортты бала жастан жанына серік еткен Ерсейіт қазақша күрес, ауыр атлетика секілді жарыстарға жиі қатысып жүр. Жылдар бойғы үздіксіз жаттығудың арқасында ол бүгінде  141 келі салмақты еркін еңсеруге қол жеткізген. Вагон сүйреуге ғаламтордағы бейнежазбалар түрткі болыпты. Шыныға келе алып күш иесі еліміздің батыс өңіріс  бойынша рекорд орнатты. Ол рекордты соңғы 3 жылда ешкім өзгертпепті.

Ерсейіт Бралин, спортшы:

- 5 вагон сүйрейтін алда жоспарым бар. Қазақстанның рекордын орнататын. Соған дайындық басталып кетті. Рекорд тіркейтін адамдармен сөйлестік. Өздері келеді, қарайды.

Ерсейіт аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Сындарлы шақта шұғыл шешім қабылдап, үнемі басын тәуекелге тігіп жүретін мамандық иесі қашанда бабында болуы керек,-дейді ол.  Қиын да қызықты кәсіппен қоса спорттың ауыр түрін жанына серік еткен Ерсейітті әрептестері де жоғары бағалайды.

Әділ Қонқаев, Құрманғазы аудандық ТЖБ бастығы:

- Өрттегі Ерсейіт өте батыл. Мынадай алып денесімен қорқақ болса білмеймін. Өте батыл жігіт, тез шешім қабылдай алады. Өзінің қызметкерлерін спортқа баулып жүреді.

Атыраулық алып жігіттің келешегінен зор үміт күтуге болады. Тек оған жан-жақты қолдау керек. Әзірге Ерсейіт Құрманғазы аудандық әкімдігінің қолдауымен жарыстарын жалғастыруда. Болашақта ол ауыл жастарын спорттық осы түріне баулымақ ниетте.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин