Шымкентте интернет пен ұялы байланыс сапасы нашар
Шымкент қаласында ұялы байланыс пен интернет сапасына қатысты 45 кемшілік анықталды.
Құзырлы органдардың тексеруінен кейін, операторларға 44 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Базалық стансаларды қайта жаңғыртуға нұсқау берілді. Алайда байланыс сапасына шағымданушылар азаймай тұр.
Қазығұрт шағын ауданында интернетті айтпағанда ұялы байланыстың өзі нашар. Сүлеймен Қамбаров базалық станса биікте емес, тұрғын үй секторында орналасқандықтан таралу ауқымы тар дейді. Оператордың антеннасы жекенің меншігінлегі электр желісіне жалғанып, қосымша қуат көзі қарастырылмаған. Салдарынан жарық сөнсе, телефон байланысы да үзіледі.
Сүлеймен Қамбаров, Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны:
- Ұялы байланыссыз өте қиын. Бәріміз осыған үйреніп қалғанбыз. Осы ұялы телефон арқылы жедел жәрдем шақырамыз. От шыққан жағдайда 101-ге хабарласамыз. Ұстамай қалып, қатып қалатын жерлерде сөйлеспейміз. Терезенің қасына барамыз. Болмаса көшеге шығып, көшеде сөйлесеміз.
Кәсіп иелері де электронды сауда төлемін таңдаушылар алдында тосылып жүр. Себебі тұтынушылар ақы төлеу кезінде интернет байланысын іздеп, сыртқа шығуға мәжбүр.
Мейіржан Бердіахмет, кәсіпкер:
- Маған келген тұтынушылар электронды түрде төлемақы төлеу үшін қиналады. Себебі бізде интернет байланысының ұстауы қиын. Кюар, аударым да сондай болады. Соның кесірінен кейбір тұтынушылар сыртқа шығып төлейді. Байланыс далада ғана ұстайды.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, биыл байланыс сапасын жақсарту үшін 200-ден аса базалық станса қайта жаңғыртылған. Сонымен қатар жаңадан 128 антенна орнатылып, интернетпен қамту аймағы кеңейтілген. Алайда абоненттерден түскен арыз-шағымның негізінде Құрсай, Жұлдыз, Ынтымақ-2 және Нұршуақ шағын аудандарындағы интернет сапасына сын тағылды. Тексеріс қорытындысы сот қарауына ұсынылып, ұялы байланыс операторларына миллиондаған айыппұл салынды.
Мұхит Кемелов, Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:
- Мобильді интернет бойынша үлкен проблемалар әлі күнге дейін бар. Ол 45 нүктенің өзі қала үшін көп. Олар бойынша арнайы өңіраралық байланыс инспекциясы бар министрлікке қарайтын. Сонымен оларға 44 млн теңгедей әкімшілік айыппұл салынды.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, байланыс оператортарына осы 45 базалық стансаның кемшіліктерін жоюға нұсқау берілген. Сонымен қатар, қала аумағын 2027 жылға дейін толық 5G интернет желісімен қамту жобасы бекітілген. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 65% құрайды.