«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы өз жемісін беріп келеді

Ұлттық жоба жемісін көрген көптің бірі – Базартөбеліктер. Тәуелсіздік күні қарсаңында елді мекенге су жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.

Бұрындары басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын аудан орталығына сабылатын. Енді ондай әурешілік артта қалды. Заманауи үлгіде салынған емдеу мекемесінде қарашаның қамы үшін бар жағдай жасалған.

Алмагүл Ахметова, дәрігер:

- Осындай нысан бой көтеруі ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартып, сапалы медициналық көмек алуға зор көмегін тигізеді деп сенеміз. Зерттеу-талдау жасауға, скринингтен сапалы өткізуге.

Қадырбек Қарағұл, Базартөбе ауылының тұрғыны:

- Заманауи типтік жобада салынған емхана бұрынғымен салыстыруға болмайды, әрине. Ескі ғимаратта болды, келгенде қараңғы. Мында бөлмесі жап-жарық әрі жылы. Келген адамға сондай қуаныш сыйлап тұрады.

Бір ғана Батыс Қазақстан облысында алдағы 3 жылда 50 емдеу мекемесі салынады. Жоспарлы нысандардың тең жарымы бүгінде ел игіліне берілді. Жергілікті билік те әлеуметтің әлеуетін көтеруге күш салып келеді. Әсіресе жас мамандарға қолдау ерекше. Аймақта биылдан бастап алыс ауылдарға барған дәрігерлерге көтермеақы 5 миллионнан 8 миллион теңгеге өсіпті.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Соның бәрі ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту, қаладағыдай ауылдағы адамдар үшін сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында халыққа қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бұның бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасы.

Президент тапсырмасымен қолға алынған бастама 3 негізгі міндетті қамтиды. Алғашқысы – шалғай ауылдарда бұқараға алғашқы көмекті қолжетімді ету. Кейінгісі – тозығы жеткен емдеу мекемелерін жаңалау. Жоспарлы жұмыс аясында 32 нысан су жаңа кейіпке еніп, көпшіліктің қуанышына қызмет етеді. Ақ халаттылардың да ахуалын жақсарту межелі міндеттің бірі. Кадр тапшылығын жойып, техникалық базаны нығайту ұлттық жобада айтылған.    

Самат Рамазанов, ҚР ДСМ Инвестициялық саясат департаментінің директоры:

- Ұлттық жоба аясында өткен жылы 100-ге жуық нысан пайдалануға берілген. Биыл олардың қатары 208-ді құрады. Көрсеткіш жаман емес. Біз ұдайы қалағалап отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей ұлттық жоба ең алдымен ауылды жердегі халықтың игілігі үшін жасалып отыр. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін 600-ден аса емдеу мекемесі іске қосылады.  

Келер жылдың соңына дейін аумақтарды 486 дәрігермен, 323 орта медицина қызметкерімен қамту көзделген. Ұлттық жоба шеңберінде іске асатын жұмыстың тағы бір бағыты әлеуметтік пакеттер. Қолдау шарасы өңір қаражатының есебінен іске асырылмақ. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде ауылдағы ағайынның саны 7,7 млн адамнан асады. Бұл көрсеткіш – жалпы халықтың 38%.