Солтүстік жартышардағы күндізгі жарық қанша уақытқа созылады?

Бүгінде Астанада күндізгі жарықтың ұзақтығы 8 сағат 36 минутқа тең.

Бұл – күннің шыққан және батқан уақыт аралығын есептейтін онлайн-қызметтің мәліметі. Яғни күн шамамен таңғы 07-40-та шығып, кешкі 16:00-ден 18 минут өткенде батады. Солтүстік жартышардағы өзге елдердің астаналарындағы жағдай қалай?

Исландия астанасы Рейкъявик сияқты күндізгі жарық 6 сағатқа толмайтын полярлы ендіктегі қалаларды есептемегенде Норвегияның Ослосы мен Финляндияның Хельсинкиінде күндізгі уақыт шамамен 7 сағатқа созылады. Швецияның Стокгольмі мен Эстонияның Таллинінде 7 сағат 12 минутқа жуықтайды. 

Ресей мен Латвияның бас қалаларында 7 сағат 50 минут күн жарық болады. Мәскеуде күн 8:20-да шықса, кеш 4-тен кейін түседі. Бұл қала жағрафиялық ұзақтық бойынша плюс 3 сағат белдеуінде орналасқан. 

Литваның Вильнюсі, Беларустің Минскісі мен Ирландияның Дублинінде күндізгі жарық 8 сағатқа созылады. Ал Берлин, Лондон мен Варшавада Астанадағы сияқты шамамен 8 жарым сағат күндіз болады. 

Париж, Будапешт пен Бернде күндізгі жарық 9 сағатқа созылады. Италия мен Өзбекстанның астаналарында жарты сағатқа ұзақтау. Мұның себебі – Рим мен Ташкент экваторға жақын орналасқан. Яғни күнгейге жақын болған сайын, жарық молаяды.

 

Авторы: Ернат Рахметолла