Риддерде жылу орталығында зардап шеккендер палатаға ауыстырылды
Риддердегі жылу электр орталығында болған оқыс оқиғадан зардап шеккен жұмысшылардың бәрі жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Қазір олардың жағдайы тұрақты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Еске сала кетсек, 20 желтоқсанда таң сәріде көмірді жеткізу желісін жөндеу-дәнекерлеу кезінде газды ауа қоспасы жарылып, алты адам зардап шекті. Алдымен күйік шалғандар Риддер қалалық ауруханасында ем алса, соңынан олардың үшеуі Өскеменге жеткізілді. Қазір олар ем қабылдап жатыр. Бүгін облыстық еңбек инспекциясы тарапынан осы жайтқа байланысты арнайы комиссия құрылды. Тексеріс нәтижесі 10 күн аралығында жарияланады.