Бейбіт күннің батырлары

Биыл ерлік көрсетіп ел аузына ілінген қаһармандар аз болмады.

Әсіресе полиция қызметкерлері мен балалар ерекше көзге түсті. Бірі қиын жағдайда қалған жандарға көмек қолын созса, бірі адам өмірін арашалап қалды.

Семейлік полиция қызметкері көмекке шақырған бойжеткенге араша түсем деп жараланды. Қылмыскер инспекторға бірнеше рет пышақ сұққан. Бірақ Асхат Ахатов өз міндетін мүлтіксіз орындап, құқық бұзушыны ұстады. 

Асхат Ахатов, патрульдік полиция инспекторы:

- Мен көлік құралынан шыққан бетте менің басымнан соққы жасады, 3-4 рет. Соққы алғаннан кейін оны сол қолыммен ұстап, жерге жығып, 2 участковый полиция қызметкерімен және жанымдағы напарник төртеуіміз сол кісіні ұстадық. 4 шов салды басыма. Бұны ерлік деп санамаймын. Бұл әр полиция қызметкерінің атқарып жүрген міндеті.

Биыл көктемде қазақстандықтар табиғаттың тосын мінезіне куә болды. Абай облысында қақаған аяз бен боранда жолға шыққандарды құтқаруға бірнеше арнайы техника мен жүздеген қызметкер жұмылдырылды. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтекте полиция майоры Данияр Қайырханов көліктің алдында жаяу жүгіріп жол көрсетті.

Өз өмірін қауіпке тігіп өрттен адамдарды алып шыққан полиция қызметкерлері де осы Абай облысынан. Оқыс оқиға ақпан айының басында болған. Шақырту бойынша бірінші жеткен арнайы жасақ жауынгерлері тұрғындарды қызыл жалыннан арашалап қана қоймай, газ баллонын алып шығып жарылыстың алдын алды. 

Нұрлыбек Меңкешов, арнайы жасақ сарбазы:

- Ішінде бір жас қыз болды бауырымен. Алдымен қызды алып шықтық. Ол қыз өзі в шоковом состоянии тазикпен балконды өшіріп жатты. И бауырын алып шықтық. Кухнядан газ баллонды алып шықтық. Көршілердің бәріне де тоқылдатып, тезірек шығыңдар деп қолдан келгенше көмектестік.

Биыл өрт сөндірушілер де аянып қалған жоқ. Құтқарушылар Астанада қызыл жалыннан қорғанып балконның жиегіне жабысып тұрған әйелді аман алып қалды. Өмірі қыл үстінде тұрған келіншекті өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Қадір Өмірзақов байқап қалып, төменгі қабатқа түсірген. 

- Өрттен қорғану үшін балкон арқылы түсуіме тура келді. Бағлан мен Қадыр мені құтқарып, аман алып қалды. Құтқарушыларға алғысым шексіз. 

Алматыға жұмыс іздеп келген Әлихан Жақсылық суға батқан баланы құтқарып қалды. Оқиға 27 қазан күні Есентай өзенінде болған. 25 жастағы құтқарушының айтуынша, ол өтіп бара жатқанда көмек сұраған  балалардың дауысын естіген. Қас қағым сәтте темір қоршаудан секірген ол, ағып бара жатқан баланы жағаға алып шықты. 

Әлихан Жақсылық, Қызылорда облысының тұрғыны:

- Баланы шығарып алғаннан кейін аты-жөнін сұрап үлгермедім. Сол жерден ол бала үйіне қарай жүгірді. Менің білуімше сол жерде аяғы тайып кетіп, ойнап жүріп аяғы тайып кеткен секілді.

Биыл жас өрендер де ересектермен қатар ерлік көрсетті. Мамыр айында елордалық 7-сынып оқушысы Ақан Әкімжанов тұрғын үйдің 4-қабатының балконында ілініп тұрған баланы өлімнен арашалап қалды. Ал 11-сынып оқушысы Марлен Көшербай арыққа ағып бара жатқан баланы аман алып шыққан. 

Ал жантүршігерлік жол апатынан көз жұмған Шымкент тұрғыны төрт адамды құтқарып қалды. Донорлық көмекке марқұмның туыстары келісім берген. Небәрі 18 жастағы Максим бірнеше тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатқанымен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Кейін туыстарынан марқұмның ағзасын өзге науқастарға алуға рұқсат сұраған. 

Евгения Юнусова, марқұмның әпкесі:

- Інім ауруханаға өте ауыр халде түсті. Дәрігерлер қолдан келген көмекті жасағанын айтты. Артынша ми тіндері өлгенін хабарлады. Сондықтан оның ағзасын донорлыққа пайдалануды ұсынды. Бізде ойланатын көп уақыт болған жоқ. Ауыр жағдайда тұрсақ та бір түн ішінде шешім қабылдап, келісім бердік.

Марқұмның жүрегі, өкпесі, бауыры мен 2 бүйрегі алынды. Ол ағза мүшелері жағдайы мүшкіл 4 науқастың өміріне араша болды.

Серік Селеубайұлы