Сарайшық ауданының тұрғындары жаңа жылды көңілді қарсы алуға дайын
Елорданың жаңа ауданы - Сарайшықта да жаңажылдық безендіру жұмыстары жүргізілді.
Әсіресе қысқы ойын-сауық орындарында мерекелік көңіл күй ерекше. Талдарға ілінген жарық шамдар. Ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі иллюстрациялар, мұз айдыны мен сырғанақтар және әлбетте әсем шырша көздің жауын алады.
Қыс мезгілінде астаналықтар ашық аспан астындағы ойын-сауық орындарына ақысыз бара алады. Оның ішінде биыл құрылған Сарайшық ауданы да назардан тыс қалған жоқ. Мұндағы шыршаның биіктігі 25 метр. "Қазақ Елі" монументі маңында мұз айдыны мен сырғанақ, шағын архитектуралық нысандар мен фотоаймақтар орналасқан. Ең бастысы елордалықтарға ұнап жатыр.
Данияр Жарқынбай, қала тұрғыны:
- Оформление бәрі жақсы жасалған. Күшті өте, көңілді. Балалармен бірге келіп серуендеуге өте жақсы. Әкімдікке көп рақмет.
Жайна Тұрсынғазы, қала тұрғыны:
- Астана - біздің сүйікті қаламыз. Әр жылы бізге әдемі көріністер дайындайды. Рахмет осыны ұйымдастырған орталыққа. Отбасыммен келдім. Біз осында тұрамыз. Осы біздің үйдің жанында. Сырғанайтын алаң, шырша, жарықтар ұнайды.
Қысқы ойын сауыққа күн-түн демей келетін азамат көп. Әсіресе бүлдіршіндердің көңіл күйі шат-шадыман. Жұмыс күндері де бұл жерде халықтың қарасы қалың. Өзінің қысқы сайманымен келушілерге мұз айдыны мен сырғанаққа шығу тегін. Ересек адамдарға дейін балаша ойнап, қуанып жүр.
Әлімжан Насириддинов, қала тұрғыны:
- Безендіру өте әдемі былтырғыға қарағанда. Өте күшті болды. Міне, балалармен ойнап жүрміз. Жақсы бәрі. Екі қызыммен келдім. Отбасыммен. Өте тамаша. Бар жақсылық болсын. Еліміз бен жұртымыз тыныш болсын. Аспанымыз ашық болсын. Жаңа жыл құтты болсын.
Гүлзамира Сағынбаева, қала тұрғыны:
- Келе жатқан жаңа жылдарыңыз құтты болсын. Жаңа жылда бақыт, мол табыс тілеймін. Әр жанұяда денсаулықтары мықты болсын.
Қаламыздағы ең ірі Аstana.Attractions сырғанағы да Сарайшық ауданының аумағында орналасқан. Президенттік саябақтың Ахмет Байтұрсынов көшесі жағынан баруға болады. Мұнда биіктен қорықпайтын, экстримге жақын белсенді демалысты жаны сүйетін нағыз ержүректер келеді. Бір мәрте сырғанап-ақ бойдағы барлық үрей мен күйзелістен арылуға болады, дейді демалушылар. Айта кеткен жөн, Астананың алты ауданы да қолжетімді қысқы демалысқа сақадай сай.
Мирлан Алтынбек, Ғалымжан Абдылахат, Еламан Мұстафа