Онлайн сауда тәуелділік тудыра ма?

 

Базарда адам қарасы азайды. Қазір жұрттың көбі дүкен, сауда орындарын көп аралай бермейді. Адамдар үйде отырып-ақ түрлі маркетплейс арқылы керегін тапсырыспен алады.

Әрине бұл уақытқа үнем, шығын да аз. Бірақ олқы тұстары да кездесіп қалады.

Түркістандық Ақбота Ергешбай тұрмысқа қажетті заттың барлығын маркетплейстерден алып үйренген. Базар аралауды ұнатпайтын ол үшін керемет шешім болғандай. «Алайда сауданың бұл түрі кейде негізсіз болып кетеді», - дейді. Қажет емес заттарды алып, кейін өкінетін кездерін жасырмады. 

Ақбота Ергешбай, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Тиктокта да, ютубта да, инстаграмда да, қанша сатып алмайын десең де алдыңнан шығып тұрғаннан кейін үлкен жазумен жеңілдік деп жазып қойғаннан кейін соған алданып, кейде керек емес заттарды да сатып алатын кездер болады. Не үшін алдым деп ойланатын кездер де болады.

Психологтардың айтуынша онлайн сатып алу тәуелділік тудыратын жағдайлар да бар. Себебі ондағы жеңілдіктер мен агрессивті жарнама адамның бейсаналы түрде сауда жасауына алып келуі мүмкін.

Анаргүл Ибраимбекова, психолог:

- Осы бір маркетплейсқа кірген кезде, бір затты сатып аламын деген кезде бір жарнамалар шығып жатады. Ол жерде кубоктың суреті шығып жатады, соған бассаң белгілі бір зат шығады. Соған жеңілдік аласың деген бір адамның психологиясын билеу мақсатында сондай жарнамалар шығып жатады. Адам соған қалай ілініп кеткенін байқамай қалады. Соны басу арқылы жаңға зат аламын, жеңілдікпен аламын деген қуанышқа бөленіп жатады. Онлайн сатып алу адамды лудоманияға апаратын бірден бір жол десек те болады.

Онлайн сатып алудың күрт етек жаюын сауда және интергация министрлігі берген ақпарат та растайды.

2020 жылы электрондық сауданың көлемі 476,7 млрд тг болса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,4 трлн тг жеткен. Яғни нарық үш-ақ жылда 5 есе ұлғайған. Ал оның 72,4 пайызы маркетплейстерге тиесілі.

Арзан бағаларымен арбап, соңғы уақытта көптің аузында жүрген тему, пиндуодо секілді маркетплейстер ресми тіркелмеген. Бұл олқылық та тұтынушыларды белгілі бір кепілдіктерден қағып жатыр. 

Тұрсын Жағыпарова, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары:

- Ең бірінші тұтынушы интернет саудадан бірдеңе алам дегенде оның заңды мекен-жайы болғаны жақсы, ол үлкен дүкен болғаны жақсы. Одан кейін сол маркетплейстің интернетте жазуы болуы керек тауарды қайтаруға болады не болмаса болмайды деп. Тым арзан тауардан күмандану керек. Сапалы тауар өте арзан болуы мүмкін емес. Соған мән беру керек.

Мән бермеген жағдайда сапасыз тауарға ұрынып, негізсіз саудаға бой алдырып жатқандар қатарын көбейте береміз. 2030 жылға дейін елдегі электронды сауда үлесін 20 пайызға дейін арттыру міндеті тұр. Қазір ол 12,7 пайызға орындалған. Сондықтан бұл тенденцияның тек игілігін көруге тырысайық.