Мас жүргізушіге жол жоқ: Ақтөбеде рейд жүргізілді

Былтыр Ақтөбе облысында мас күйде рөлге отырған мыңнан астам жүргізуші анықталды. Олардың ішінде 118-і есірткі заттарын қолданған.

Көлік басқару құқығынан айырылса да ішімдік ішіп, рөлге отырғандар да кездеседі.

Тәртіп сақшылары алдын алу шараларын ұйымдастырып, жүйелі рейдке шығады. Дегенмен мас күйде көлік басқаратындар саны азаяр емес. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Есірткі қолданып немесе ішімдік ішкен адамды полицейлер әдетте бірден байқайды. Масаң күйдегі жүргізуші жол бойында тізілген белгілерді елемей, тіпті бағдаршамның қызыл түсіне де өтіп жатады. Тәжірибелі инспектор қасына тоқтаған көліктегі адамның қимыл-қозғалысынан да секем алып, тексеру кезінде алкоголь ішкендігі аян болады. Мәселен мына көлік иесі қозғалыс кезінде бұрылу белгісін қоспаған. Оның себебін білмек ниетпен тоқтатқан полицей жүргізушінің мас екендігін байқап, медициналық зертханаға жеткізді. 

Әдетте мас жүргізушілер кешкілік немесе түн мезгілінде рөлге отырады. Мереке күндері олардың қатары арта түседі. «Алайда көзден таса көшелермен суыт жүргендерді тәртіп сақшылары күнде анықтаймыз», - дейді.
Асқар Туктабаев, Ақтөбе облыстық ПД аға инспекторы:

- Медициналық куәландыруда мас екендігі расталғаннан кейін көлігін коммуналдық автотұраққа қойып, жүргізуші полиция бөліміне жеткізіледі. Таңға дейін уақытша қамау изоляторында ұстаймыз. Таң атқан соң сотқа жолданады.

Мас жүргізуші соттың шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылады. Алайда олардың арасында жауапкершілікке атүсті қарайтындары да аз емес. Сондықтан екінші мәрте ішімдік ішіп көлік басқарғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалады.

Айдос Құлжанов, Ақтөбе облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:  

- 86 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Мұндай фактілер бойынша ҚК 346 бабымен қылмыстық іс қозғалады. Яғни 5 жылдан бас бостандығынан айыру және де өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыру көзделген.

Былтыр Ақтөбе облысында 39 көлік апаты мас күйде рөлге отырған жүргізушінің кесірінен болды. Ішімдікке сылқия тойып, жол бойындағы кетіп бара жатқан тұрғынды  көрмей, қағып кеткен дерек те бар. Жалпы өңірде 2024 жылы мың жарымға жуық жол көлік оқиғасы тіркелген. 162 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық жүргізуші мен жолаушы түрлі жарақат алды.