Жамбыл облысында электровоз жөндеу депосы салынып жатыр

Жамбыл облысында келер жылы электровоз жөндеу депосы іске қосылады. Қазір нысан құрылысы 80% аяқталған.

Жоба жүзеге асқан жағдайда жылына 200 электровоз жөндеуге мүмкін болады. 

Шу ауданы Қытай, Ресей мен Еуропаны жалғап жатқан шойын жолдың қиылысында орналасқан. Сондықтан да электровоз жөндеу депосы осында салынады. Қазір нысанның сыртқы жұмыстары аяқталып, құрылысшылар жөндеу цехтарын құрып жатыр. Мұнда 20 техника мен 150 адам жұмылдырылған. Жалпы ғимарат құрылысына 700 тонна метал қолданылды. Құрылыс материалдарының барлығы отандық өндірістен алынды.

Абзал Көкек, құрылыс компаниясының инженері:

- Ғимараттың астында 698 дана свай қағылған. Қалғаны монолит. Жалпы 6 қадасы негізгі магистральдық жолға қосылды. 6 бағыттамасы бар. Оның төртеуі осы негізгі депо нысанының ішінде орналасқан. Сыртында екі теміржол орналасқан.

Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеге жуық. Депо әкімшілік бөлік, жөндеу цехы мен гараж сынды 3 бөліктен тұрады. 1400 кубқа шақталған резервуары мен сорғы станциясы бар. Өзіндік өртке қарсы жүйесі жасалған. Жоба басшылығы техникалық жөндеу орталығын келер жылдың наурыз айында қолданысқа беруді жоспарлар отыр.

Ерлан Жұмаділов, жоба басшысы:

- Электровоз вагондар көп уақыт жүргеннен кейін дөңгелектері майысып тозатын уақытқа дейін жетеді. Соның бәрін үшкірлеп түзулейтін білдек Испаниядан келеді. Қалған көтеріп вагонды шашып құрастыру құрылғылары Финляндиядан келеді. Электрический заттар Италиядан келеді.

Жоба авторы – франциялық инвесторлар. Олар республика көлемінде дәл осындай 4 орталық салмақ. Оларда 450 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә