Жыл басынан бері 18 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Биыл елімізге қандастардың 45% Қытайдан, 38% Өзбекстаннан, 6% Моңғолиядан және 5% Түрікменстаннан келген.
Ал 3%-ке жуығы Ресейден және өзге де елдерден келіп, өздерінің тарихи Отанымен танысқан. Бүгінде олар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстанды. Жалпы былтыр Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша «қандас» мәртебесін беру тетігі пилоттық режимде іске асқан. Сондай-ақ оның аясында елімізге келу, жұмысқа орналасу мен баспана беру мүмкіндіктері қарастырылды. Қазір осындай жаңа форматта этникалық қазақтардан 22 мыңнан астам өтініш қабылданып отыр.