Әлеуметтік бағытта қандай жаңашылдықтар болды?
Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығындарының негізгі бөлігін, яғни 5,3 трлн теңге қаржыны 41 түрлі әлеуметтік төлемдерге бағыттаған.
Оның 3,5 трлн-нан астамы зейнетақы төлеу үшін жұмсалған. Тағы осы жылы «ерте зейнетке шығу» жүйесі де іске қосылды. Атап айтқанда, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемдер беру тетігі пайда болды. Бұндай жәрдемақы 55 жасқа жеткен азаматтарға тағайындалды. Осылайша, биыл денсаулыққа зиян келтіретін өндіріс орындарында еңбек етіп келе жатқан 37 мыңға жуық отандасымыз тиісті төлемдерге қол жеткізді.
Әлеуеттің әлеуметтік жағдайын көтеру – бұл мемлекеттің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Бұл бағытта биыл атқарылған шаруа да аз емес. Бюджеттің жартысынан көбі осы әлеуметтік салаға жұмсалуда. Президент тапсырмасы бойынша балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі де бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 млн баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 млрд-тан астам теңге аударылды.
Бүгінде елде әлеуметтік төлем алатындардың саны 4,5 млн. Соның 2,4 млн-ы зейнеткерлер болса, қалған 2,1 млн-ы жәрдемақы алушылар екен. Биыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығындарының негізгі бөлігін, яғни 5,3 трлн теңге қаржыны 41 түрлі әлеуметтік төлемдерге бағыттаған. Оның 3 трлн 773 млрд теңгесі зейнетақы төлеу үшін жұмсалған.
Гүлбахыт Манабаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
- 2023 жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері және ең жоғарғы базалық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен арттырылуда. Сол 2024 жылдың қаңтарынан ең төменгі зейнетақы 60 пайыздан 65 пайызға дейін жоғарылаған болса, ең жоғарғы зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 105 пайызға дейін жоғарылаған болатын.
Биылғы жылдың тағы бір жаңашылдығы – ол «ерте зейнетке шығу» жайы болды. Нақтырақ айтқанда, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемдер беру. Бұндай жәрдемақы 55 жасқа жеткен азаматтарға тағайындалды. Осылайша биыл денсаулыққа зиын келтіретін өндіріс орындарында еңбек етіп келе жатқан 37 мыңға жуық отандасымыз тиісті төлемдерге қол жеткізді.
Гүлбахыт Манабаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Бұл төлемді білесіздер мына 2014 жылдың бірінші қаңтарынан бастап осы зиянды еңбекте жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс беруші есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылып келеді. Енді осы 2024 жылдың бірінші қаңтарынан азаматтарға зиянды жұмысты істеп, міндетті жарналары 7 жылдан кем емес және де 55 жасқа толған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалып жатыр.
Халықты жұмыспен қамту мәселесіне келсек. Биыл жауапты министрлік 948 мың отандасымыздың екі қолына бір күрек тауып беруді жоспарлаған. Желтоқсанның басында соның 800 мыңнан астамы жұмысқа сәтті орналасты. Бұдан бөлек бірқатар оқытулар да өткізілген екен.
Заңғар Хамитов, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 55 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 50 мыңнан астамы оқуды аяқтады. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 57 мыңнан астамы қамтылды, оның ішінде 37 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Айта кету керек, соңғы жылдары елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі нығайып, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының дамуына ерекше назар аударылды. Әсіресе аз қамтылған отбасыларды қолдау, көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеу және мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту бағытында қомақты жұмыстар атқарылды. Бұл іс келер жылы да жалғасатын болады. Президент те Үкіметке 2025 жылы «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырған.
Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов