Қостанай облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталығына айналады

Белгіленген жоспарлар жүзеге асса, Қостанай облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталығына айналады. Жылды қорытындылаған жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деп мәлімдеді.

Осы мақсатта өңірде бидай, бұршақ дақылдарын терең өңдейтін зауыт салынбақ. Алдағы жыл басынан Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналып «140 іс» жобасы қолға алынады.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі  өңделген өнімнің үлесін 70 процентке жеткізуді міндеттеген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін өңірде бірнеше ірі жобалар іске асырылып жатыр. Жақында ірімшіктің 20 түрін өндіретін кешен пайдалануға берілді. Соның арқасында өңделетін сүт үлесі 46 проценттен 60 процентке көтерілді. Ал келер жылы бұршақ, астық дақылдарын өңдейтін бірнеше өндіріс орынын ашу жоспарланып отыр.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Ірі түрік холдингін тарта отырып, толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу жоспарланған. Сондай-ақ бидайды терең өңдеу зауытын салу жоспарда бар. Зауыт глютен, крахмал, биоэтанол және лизин сияқты бірегей өнімдерді шығарады. 

Биыл өңірде 1 350 шақырым жол қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатқан Қостанай, Ақмола облыстары арқылы өтететін Жезқазған-Петропавл тас жолының көлік-логистикалық маңызы зор. Бұл Өзбекстан, Қырғызстаннан Астанаға дейінгі қатынасты 600 шақырымға қысқартады. Ішкі жолдар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Облыс әкімі Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына «140 іс-шара» бағдарламасы бекітілгендігін, соның ішінде Алаш арысының туған жеріндегі Қызбел, Бидайық ауылдарына баратын жолды жөндеп бітіру көзделіп отырғандығын айтты.  

 Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

 - Трассадан Қызбелге шейін, Қызбелден Бидайыққа шейін жол жөнделеді. 1,5 млрд тенге қаражат бөлінді. Мынау трассадан Қызбелге дейін баратын жол биыл 15 шақыры жөнделді. Енді қалғаны келесі жылы міндетті түрде жалғасын тауып, біразы жөнделетін болады. Енді Қызбелдің ішіндегі жолдарды да мен тиісті тапсырма беріп, біраз жолдарын қалпына келтіру керекпіз.

Айта кетелік, ішкі жолдарды жөндеуге биыл облыстық бюджеттен 36,6 миллиард тенге жұмсалды. Бұл республика бойынша алғанда жергілікті қазынадан бөлінген ең мол қаржы.

 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров