Мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллектіні пайдалануды үйренеді
Мемлекеттік қызметкерлер жасанды интеллект құралдарын пайдалануды үйренеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп, сапасын арттырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиында цифрлық саланың дамуын арттырып, мамандар даярлау мәселесі көтерілді.
Жасанды интеллект таяу жылдары қоғамның барлық саласын қамтуы мүмкін. Мәселен, су тасқынын енді цифрлы технологиялар арқылы болжауға болады. Елімізде іске асып жатқан «Tasqyn» жүйесі су тасқынының қауіпті сценарийлерін алдын ала біліп, оны модельдеуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект арқылы қауіп төнген елді мекендер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды анықтауға болады. Сондықтан оның әлеуетін толық көлемде пайдалану – маңызды міндеттердің бірі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасады.
Жасанды интеллект жер анамызды сақтауға, оны ластанудан қорғауға көмектеседі. Спутниктік шешімдер арқасында жерді заңсыз иемдену, орманды заңсыз отау фактілері анықталып жатыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- ЖИ қолдану арқасында біз стихиялық қоқыс үйінділерін жөнінде Қазақстан Ғарыш Сапарымен жұмыс жүргіземіз. Әрбір анықталған факті бойынша мамандар үйінділерді тіркейді. Одан кейін әкімшіліктерге оны жою бойынша нұсқама беріледі. Мысалы, ағымдағы жылдың өзінде 159 жаупты қызметкер жауапқа тартылды.
Жасанды интеллект көз ілеспес қарқынмен дамып, өмірімізге дендеп ене бастады. Тіпті дамыған елдер арасында осы салада үстемдік орнатуға тырысып жатқандары бар. Бұл көште Қазақстан да өз орнын айқындап, цифрландыру қарқынын арттыра бермек. Жаңа технологияларды елдегі мемлекеттік қызметкерлер меңгеріп, арнайы оқу бағдарламалары іске асырылады. Жасанды интеллект – адам өмірін жеңілдететін құралдардың бірі. Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев халыққа қызмет көрсетудегі пилоттық жобаны таныстырды. Роботтың көмегімен кезекке тұрмай-ақ, бірқатар анықтамалар алуға болады.
Айгүл Тілегенова, бірыңғай байланыс орталығының басшысы:
- Оның негізгі мақсаты – халыққа кезексіз көмек беру. Кейде ХҚО-да талонға кезекке тұрып қалады. Сондықтан оның көмегімен талон ала аласыз және анықтамалар алуға болады.
Жасанды интеллектіні дамыту үшін елде инновациялық экожүйе құрылып жатыр. Ал Астана Хаб базасында стартаптарды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олжас Бектенов: «Бұл жұмыстардың игілігін әуелі халық көруі тиіс», – деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Келесі жылы мемлекеттік орган қызметкерлерін ЖИ құралдарына оқытуды тапсырамын. Жоғары ғылым министрлігіне ЖИ бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындасын. «Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трансформация экономика мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Бүгінде азаматтардың көбі ЖИ туралы білме бермейді. Цифрлық қызметтердің дені қарапайым адамдар үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек. Оларды қалай пайдалану керектігі туралы халыққа кеңінен түсіндіру қажет.
Қазақстанда жасанды интеллекті дамыту үшін 5 жылдық тұжырымдама қабылданды. Енді заңнамалық актілерді нығайту шаралары қолға алынбақ. Ал кадрлық әлеуетті арттыру үшін бойынша арнайы оқытудан өтеді. Ал жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламалары мен курстар дайындалып, салаға қажет мамандар даярланады.
Авторлары: Қуандық Танабас, Жандос Битабаров.