Өскеменнен 6 мың текше метр қар шығарылды

Өскеменді қалың қар басып қалды, деп хабарлайды 24KZ. Коммуналдық қызмет өкілдері ақ ұлпаны тазалап, тауыса алмай әлек. Соңғы 3 күнде қаладан 6 мың текше метрден аса қар шығарылды. «Таза Өскемен» мекемесі қазір тәуліктік режімде жұмыс істеуге көшті. Әйтпесе жолдарды аршып үлгеру мүмкін емес. Әсіресе тар көшелер мен тротуарларды күреу қиынға соғып тұр. Дегенмен қарапайым жұмысшылар тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін дамыл таппай еңбектеніп жатыр.

Өскеменде күнде де, түнде жол үстінде нағыз қарбалас. «Соңғы күндері 15 мм қар жауған, бұл он күндік мөлшерден 9%-ке артық», – дейді мамандар. Қазір коммуналдық мекеме жұмысшылары ауысымдық режімге көшті. 20 жылдан бері коммуналдық қызметте еңбек етіп келе жатқан Мира Исинева қар жауғалы жол бойында жүр. Қарамағында 22 көше бар. «Оның бәрін бір демде тазарту оңай емес», – дейді ол. Әсіресе кең даңғылдардағы қарды күреп үлгеру қиын.

Мира Исинева, коммуналдық мекеменің аға шебері:

- Сәтпаев, Жеңіс даңғылы сияқты кең көшелер бар. Онда көлік ағыны өте көп. Сондықтан үздіксіз тазалағанның өзінде үлгеру қиын. Қар басында аз жауғандай болып көрінгенімен, бірталай қалың түсті. Сондықтан бар күшімізді салып жатырмыз. Барынша бүкіл жолды қамтуға тырыстық. Тек тұрғындар түсіністік танытса екен дейміз.

Қарды күреп, оны шығаруға 90-нан аса техника, 200-ге тарта адам жұмылдырылды. Мердігер ұйымдардың арнайы көліктері де қосымша күш ретінде пайдаланылып жатыр. Ал арнайы көлік жүре алмайтын тар көшелерде қол күшіне сенуге тура келеді.

Қалың қарды қолмен күреу – өнбейтін іс. Ал аяз болса күшейіп келеді. Мына көпір үстіндегі жалғыз аяқ жолды коммуналдық қызмет жұмысшылары қолмен тазалауға мәжбүр. Өйткені мұнда техника сыймайды. Тұрғындар коммуналдық қызметтің дамылсыз еңбегіне риза. Десе де шеткері ықшамаудандардың ұмыт қалғанына алаңдаулы.

Сауалнама:

- Оңай емес. 5-тен бастап, 4-тен бастап істейді. Біздер 7-де тұрып жүргенде  бұлар тазалап тастайды, жақсы бәрі.

- Қала орталығы жақсы, бірақ бірақ шет жақтар қаты дұрыс тазаланбайды.

Синоптиктер болса қар енді тоқтайды, бірақ шалғай аудандарда жалғасуы мүмкін деп болжап отыр.

Любовь Бухтоярова, метеоболжау бөлімінің бастығы:

- Енді қар тоқтайды. Дегенмен Қатонқарағай, Алтай аудандарында жалғасуы мүмкін. Осы жақын күндері аяз күшейеді. Желтоқсанның соңғы күндері облыста қайтадан қар жауады, бірақ жаңа жылда күн ашылады. Қатты суық болмайды.

Жалпы осы соңғы үш күнде Өскеменнен 6 мың текше метрден аса қар шығарылды. Бұл жұмыспен қатар жолдарға көктайғақтың алдын алатын материалдар да себіліп жатыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.