Реновация: ескі үйлерді сүру бағдарламасы қалай іске асып жатыр?

Былтыр елде екі мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды. Мамандардың айтуынша, ол пәтерлерде тұру қауіпті. Өңірлерде ескіріп, тозығы жеткен үйлер мәселесін шешу үшін реновация бағдарламасы қолға алынған. Нәтижесінде бір ғана Алматы қаласында жыл басынан бері 400 пәтердің иесі ескі үйден жаңасына қоныс аударды. Қалалардың тұрғын үй қорын жаңарту жобасына әкімдіктермен қатар инвесторлар да атсалысып жатыр.

Бүгінде Алматы қаласында 43 мыңнан астам адам тозығы жеткен 1366 үйде тұрып жатыр. Осы үйлердің тең жартысы 2030 жылға дейін қайта жаңғыртылады. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, тектоникалық ақауларда орналасқан қаңқалы-қамысты үйлер мен ғимараттарды бұзуға баса назар аударылған. Тұрғындарды көшіру және нысандарды сүру жұмыстарының барлығы меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асады. Реновация бағдарламасын іске асыру үшін өзара іс-қимылдарды үйлестіретін жобалау офисі құрылған.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- Қала әкімдігі әзірлеген Алматыдағы 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасын 2024 жылы 29 қарашада мәслихат бекітті. Бағдарламаның негізгі ережелері кварталдық салу болып табылады. Бұл ретте ескірген тұрғын үй иелеріне «бөлмеге бөлме» нормасы бойынша айырбастау немесе нарықтық құны бойынша компенсация алу мүмкіндігі беріледі. Реновация сейсмикалық қауіпсіздікті күшейте отырып, тұрғын үй қорын жаңартуға мүмкіндік береді.

Біздің көріп жүргеніміздей, елордада да апаттық жағдайдағы үйлер бар. Көбі – қаланың ескі орталығында, оң жағалауда орналасқан 2, 3 және 5 қабатты үйлер. Қазір осындай үйлердің саны қанша?

Елорданы дамыту бағыттарының бірі дәл осы апаттық және тозығы жеткен үйлерді сүруге арналады. «Астана бас жоспарының» мамандары қаланы тұрғындар үшін жайлы ету мақсатында бағдарлама әзірленгенін айтты. Мысалы, бүгінде «Байқоңыр» ауданында сүруге жатады деп бекітілген 800-ден астам үйдің орнында жыл сайын жаңа үйлер салынып, саябақтар мен өзге де инфрақұрылым нысандары бой көтеріп жатыр.

Жалпы 2013 жылдан бері 300-ге жуық апатты үйден 4,5 мыңнан астам отбасы көшіріліп, жаңа баспанаға қоныстандырылған. Ал биылғы жоспарға сай тозығы жеткен 33 үй сүріліп, 3 мыңға жуық тұрғын жаңа пәтермен қамтамасыз етіледі. Елордада осы реновация жобасы, яғни тұрғын үй қорын жаңғырту жоспары аясында 2023-2029 жылдар аралығында 206 үйдің тұрғыны үшін 4710 жаңа пәтер салынады.

Айта кетерлігі, 2035 жылға қарай елорда халқының саны 2 млн 300 мың адамға жетеді деп болжанып отыр.

Әрине, өткен ғасырда салынған үйлердің апаттыларын қауіпсіздік мақсатында бұзу орынды. Тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандырудың шарттары қандай?

Бұл жағдайда реквизиция шарттары орындалады. Апатты жағдайдағы пәтер немесе жер үйдің иесіне «шаршы метріне – шаршы метр» ережесі бойынша ауданы сәйкес көлемде жаңа пәтер беріледі. Бөлме саны, тұратын адам басына қарай емес, жалпы ауданы ескеріледі және кемінде 1 бөлмелі үй берілетіннін айта кеткен жөн. Енді Қазақстан бойынша апатты үйлердің жағдайы қандай?

Таяуда ғана Finprom.kz порталы Ұлттық статистика бюросының соңғы деректерін жариялады. Былтыр ел бойынша 2091 үй апатты деп танылған. Тұрғындарының саны 44 мыңнан асады. 51,7%-і жеке тұрғын үй болса, 48,3%-і көппәтерлі баспана екені мәлім. Сүруге жататын үйлер республиканың барлық өңірінде бар.

Атырау облысында 445 үй, Ақмола облысында 209 үй, Батыс Қазақстан облысында 175 үй, Ақтөбе облысында 122 үй, Қарағанды облысында 119 үй есепке алынған. Сол секілді республикалық маңызы бар Шымкент қаласында 50-ге жуық көппәтерлі үй апатты жағдайда. «Бұл құрылыс нысандарының көбі 1950 жылдары, кейбірі одан да ертеректе салынған», – дейді сәулет саласының мамандары. Бұл үйлерді сүру және тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесі әр өңірдің даму жоспарына енгізілген.