Алматылық оқушылар Президенттік шыршаға қатысты
Алматыда Президенттік жаңажылдық шырша өтті. Дәстүрлі мерекеге 400-ге жуық бала қатысты. Оларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қала әкімі Ерболат Досаев құттықтап, сыйлықтар табыстады. «Таңғажайып Жаңа Жыл» атты кешке жиналған балдырғандар қызықты ойындарға қатысып, театр әртістері қойған ертегіні тамашалады.
Балалар құдды бір ертегі әлеміне тап болғандай. Әрқайсысы өз өнерін көрсетіп, көзге түсті. Президенттік шыршаға әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар балалар шақырылған. Оқуда озат, спортта, шығармашылықта табысқа жеткен дарындылар да қатысты.
Алуа Жұмабек, оқушы:
- Мен көптеген ғылыми жобаға қатысып, шахматтан орындар алып, мәнерлеп оқу сайысынан бірінші және бас жүлде алғанмын. Балалар өте көп, қызықты өтіп жатыр.
Ертегі кейіпкерлері балалармен қызықты саяхатқа аттанып, квесттерден өтіп, жұмбақтарды шешті. Балдырғандар құпия сандықты ашқан соң Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры артистері қойған «Щелкунчик» ертегісін тамшалады.
Сайран Сайфеденов, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Жалпы осы шарада көптеген қызықты ойындар қарастырылған. Әрине, әрбір бала күтетін жаңажылдық сыйлықтар беріледі. Сол үлкен бағдарлама ұйымдастырылған.
Белсенді балалар Аяз ата мен Ақшақардан сыйлық алды. Мерекелік кешті өнер адамдарының концерті қорытындылады.
Авторы: Аршын Кемелжан.