Астанада 300 бала Президент шыршасына қатысты

Астанада дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Жаңа жыл қарсаңындағы айшықты шараға 300 бала қатысып отыр. Онда қала әкімінің орынбасары жеткіншектерге Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

Шара президенттік орталықта шымылдығын түрді. Ал шыршаның шамы салтанатты түрде жағылып, арнайы дайындалған мерекелік бағдарлама балаларды ертегі әлеміне жетелей жөнелді.

Қасымхан Сенғазыев, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Бұл жерде «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында құрылған осындай іс-шара. Көбінесе балаларға тәрбие жағынан өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға қарата үлкендерге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу керек сияқты тұстар көрсетілген сценарийде.

Бағдарлама аясында «Славян базары», «Голос дети» сияқты халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, сондай-ақ эстрада жұлдыздары ән шырқады. Ал аниматорлар түрлі ойындар ойнатып, ерекше көңіл күй сыйлады.

Сауалнама:

- Барлығы ұнады. Өте күшті жасалған. Көңіл күйді көтереді.

- Маған қатты ұнағаны – Алдар көсенің шыққаны.

- Ал маған Аладиннің биі ұнады.

- 2025 жыл құтты болсын! Бәрінің дені сау болсын! Біз осындай үлкен ел болып жүре берейік!

Мерекелік шараға 300 бала шақырылған. Олардың қатарында жетімдер, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, әлеуметтік осал және көпбалалы отбасының балалары, мүмкіндік шектеулі және дарынды жеткіншектер бар.

Қымбат Керейбай, қала тұрғыны:

- Көңіл күйіміз жақсы. Бүгін «Ерекше аналар» қауымдастығының шақыруымен, білім басқармасының шақыруымен осы шараға келіп отырмыз. Бүкіл қазақтандықтарды жаңа жылмен құттықтаймын!

Аяз ата мен Ақшақар балалардың өнерін бағалап, әрқайсысына сыйлық үлестірді. Ертегі кейіпкерлерімен бірге өткен мерекелік шара балақайлардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Авторы: Еркебұлан Смадияров.