«Алматы – Өскемен» тасжолы ашылды
Алматы мен Өскеменнің арасында 7 жыл жыр болған жол ашылды.
Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы құрылыс кезінде көліктер айналма жолмен жүруге мүжбүр болған еді. Тақтайдай жаңа жол 3 бірдей облысты жалғайды. Бұған әсіресе жергілікті тұрғындар мәз.
«Алматы – Өскемен» еліміздегі ең маңызды жолдардың бірі. Тәулігіне оның бойымен 8 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл бағыт Қазақстанның шығысы мен оңтүстігін ғана емес, шекаралас мемлекеттерді де байланыстырады. Транзиттік трасса арқылы Оңтүстік Азия елдері Ресейге шыға алады. Енді міне тас жол «тақтайдай» тегіс болды.
Бақыт Қалымов, Қазақстанның құрметті жол қызметкері:
- Оңтүстік аймақтармен біздің Өскемен мен шығыстың осы күретамыры. Қырғызстан дейді, Өзбекстан, Тәжікстан сол Орта Азия мемлекеттерімен барлығы осы жол арқылы жүреді. Сондықтан бұл өте маңызды дейміз.
Жол жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталды. Оның құрылысына 300 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарын жалғайтын маңызды бағыттың жалпы ұзындығы – 768 шақырым.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Оның ішінде 38 км бірінші санатты. Яғни 4 жолақ. Жобаның аясында 7405 құбыр салынды. 600-ден астам көпір салынды. Бұл жолдың маңыздылығы өте жоғары. Себебі Оңтүстік пен Шығыс Қазақстанды толық қосады және бұл жалпы экономика Қазақстанның және шекара мемлекеттерінің экономикасының дамуына әсер етеді.
Жұмыс сапасын сарапшы мамандар тексерді. Қазір тас жолдың жиектері нығайтылып, қар мен малға қарсы қоршаулар қойылып жатыр. Бірақ бұл көлік қозғалысына кедергі келтірмейді.