Қазақстанда жыланның 18 түрі мекендейді
Алда жылан жылы келе жатыр. Қазақ айыр тілді жәндік түрін балаларға тіке ататқызбай түйме деген. Өйткені атын естісе әлдеқайдан шыға келіп, зиян тигізе ме деп сескенген.
Ертегіде айтылатын Жылан Бапы елінің қайда екені белгісіз, бірақ біздің елде де оның аз емесі анық. Тіпті қолға үйретіп, үйде қос-қостан асырап отырғандар бар.
Ел сүйкімді қоян, марғау немесе күшік асырауға асық болса, қостанайлық Дарья 5 жасынан жылан, кесірткелерге қызыққан. Қазір бір емес екі бірдей жыланы бар.
Дарья Коринкова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Бұл жыландар мүлде улы емес, олар өздігінен ешқашан тістемейді және адамдардан қорықпайды. Егер оларға жақсы қарым-қатынас көрсете білсең, тіл табысып кетуге болады.
Жыландардың бейбіт тіршілік иесі екенін мамандар да растайды. Зоология институтының қызметкерлері бауырымен жорғалаушы жәндіктердің бұл қасиетін әлденеше рет байқаған.
Марина Чирикова, ҚР Зоология институты бас директорының орынбасары:
- Жыландар өз басы қатты қауіп төндірмейді. Тек өздеріне бір қатер туып тұрғанын сезген жағдайда ғана қорғана бастайды. Оның өзінде де адамға бірден тап бермейді. Жеке бақылауымыз көрсеткендей, ол алдымен бірнеше ескерту түріндегі әрекеттер жасайды. Яғни тістеуге асықпайды.
Біздің елде жыланның 18 түрі мекендейді. Оның үшеуі – улы жылан. Түсі суық бұл тіршілік иелерінен қанша сескенсек те табиғат пен қоғам үшін олардың пайдасы ұшан-теңіз.
Марина Чирикова, ҚР Зоология институты бас директорының орынбасары:
- Қасқырды орман санитары десек, жыланның да экожүйеге пайдасы орасан. Олар кеміргіштермен қоректенетіндіктен ауыл шаруашылығына әсері бар зиянкестерді жояды. Оның үстіне бұл зиянкестер түрлі ауру да таратады. Сондықтан жыландар биологиялық реттеуші рөлін атқарады. Ал оның медицинадағы пайдасы айтпаса да белгілі.
Дегенмен жылан асыраушылар ең алдымен сыртқы сұлулығына қызығып, қолға үйретеді. Сондай-ақ олардың стресті басып, тыныштық сезімін сыйлайтынын байқаған. «Ал ең қызығы қатты күтімді қажет етпейтіндігі, тіпті күнделікті қорек іздеп шарқ ұрмайсың», - дейді Дарья Коринкова
Дарья Коринкова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Екі аптада бір рет қана қоректенеді. Бұл жыланның үлкендігіне және түріне байланысты. Террариум немесе контейнерлерде тұрады. Ең бастысы оларға жылу беріп тұратын құрылғы болуы керек термокілем секілді және таза су міндетті түрде. Су ішетін ыдыс жыланның көлеміне сай болуы тиіс. Кейде шомылып, суда жатқанды ұнатады.
Ең бастысы жыланды ашық кеңістікке шығармасаңыз болды. Ондай кезде олар тым белсенді, қашып кетуі мүмкін. Бірақ әлгі айтқандай өзің соқтықпасаң адам баласына зияны жоқ. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Елде улы, қауіпті жыландарды асырауға заңды түрде тыйым салынған.