Астаналық «несие алып беремін» деп уәде берген делдалға алданып қалды
Биыл «Отбасы банк» 68 мыңнан астам ипотекалық несиені мақұлдап, берілген өтініштің 30%-ін кері қайтарған. Өтініштердің басым бөлігі несие тарихының нашар болуы және кепіл мүлкінің сай келмеуі себепті жарамаған.
Енді мұндайда елге көмек бергіштер, яғни делдалдар көбейеді. Олар тауы шағылған жандарға несиені оңай алып береміз деп уәдені үйіп-төгеді.
«Бастапқы жарнасыз және табысты растамай-ақ ипотека алып береміз». Қазір интернетте мұндай жарнамаларды көптеп кездестіруге болады. Қызмет ақысы да аз емес. 300 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін сұрайды. Осындай делдалдардың біріне астаналық Елена Соколова жүгінген еді. Өзін тұрғын үй нарығы бойынша маман деп таныстырған делдал «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие алып беруге уәде берген. Алайда Елена несие түгілі өзінің берген ақшасына зар болып отыр.
Елена Соколова, Астана қаласының тұрғыны:
- Полиция қылмыстық іс қозғады. Бірақ кейін қылмыс құрамы жоқ деп істі жапты. Алаяқ менің 1 млн 200 мың теңгемді алып, жоғалып кетті. Қазір істі азаматтық сотқа жіберіп жатыр. 1 млн 200 мың аз ақша емес. Заңгерлер жалдап, осы істі аяғына дейін жеткізіп, алаяқты тиісті жазасын алса деймін.
Банк мамандары мұндай жарнамаларға сенбеуге шақырады. Себебі «ипотекалық несиені рәсімдеу бойынша барлық қызметтер тегін көрсетіледі», - дейді олар.
Меруерт Әділбаева, «Отбасы банк» АҚ Орталық филиалы бизнесті дамыту басқармасының басшысы:
- Енді бұлардың ешқайсы тегін өздерінің қызметтерін көрсетпейді ғой. Сондықтан осы делдалдарға жұмсаған қаражатты банкте, мәселен өзінің ипотекаға алғашқы жарнасын салу мақсатында қолданса екен дейміз. Не болмаса өздері ипотеканы алдын ала дайындалу кезінде бұрында алған «потребительский» кредиттерін, микрозаймдарын жауып, дайындалғандары дұрыс деп айтатын едім. Енді көп жағдайда қаржылық сауаттылығының төмендігінен адамдар банкті қиын деп ойлайтын шығар. Бізде берілетін ақпараттар, сол себепті барады деп ойлаймын.
Мамандардың айтуынша, делдалдардың іс-әрекетіне заңмен тыйым салынбаған. Себебі көбіне консалтингтік компания ретінде тіркеледі. Егер келісімшартта көрсетілген міндеттерін орындамаған жағдайда ғана жауапқа тартуға болады.
Шаймерден байтуғанов, адвокат:
- Әдетте делдалдар белгілі бір банкпен келісім бар деп сендіруі мүмкін. Ал іс жүзінде екінші деңгейлі банктердің ешқайсы ондай компаниялармен келісім жасамайды. Егер несие алғың келсе тікелей банкке барып, өтініш жазуың керек.
Заңгердің сөзіне сүйенсек ешбір делдал несие бойынша жеңілдік алып бере алмайды. Банк талаптарын да айналып өту мүмкін емес. Олардың бар қызметі кеңес берумен және несие рәсімдеу барысында көмек көрсетумен шектелуге тиіс.