Биыл әскерилерге арналған 75 мыңнан астам оқу-жаттығу жиыны өткізілді
Биыл елде әскерилерге арналған 75 мыңнан астам оқу-жаттығу жиыны өтті. Бұл Қарулы күштердің жоспары 99%-і орындалғанын көрсетеді. Іс-шаралардың басым бөлігі түнгі әскери қимылға бағытталды. Әуе қорғанысы күштерінде ұшу құрамын дайындау жұмысы жетілдірілді.
Соның ішінде 300-ден аса экипаж командирі ұрыс қимылдарын жүргізуді және 30-ға жуық ұшқыш алғаш рет өз бетінше ұшуды үйренді. Әскери-теңіз күштері де биыл шеберліктерін одан әрі шыңдай түскен.
Абзал Тоқбанов, ҚР ҚК Жауынгерлік даярлық департаментінің басқарма бастығы:
- Теңізге 200-ден астам шығу жүргізілді. Сондай-ақ кемедегі жауынгерлік жаттығулардың қарқындылығы 61%-ке артты. Теңізде операциялар жүргізуге, теңіз шекараларын қорғауға және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға байланысты жауынгерлік тапсырмаларды пысықтауға ерекше назар аударылды.
Қазақстандық жауынгерлер 31 халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысты
Сонымен қатар биыл халықаралық оқу-жаттығуға ерекше назар аударылды. Ел аумағында мұндай 10 шара өтті. Оның ішінде Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қарулы күштерімен бірге өткен әскери жиын өңірлік қауіпсіздік пен өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды кезең болды. Қазақстандық жауынгерлер Ұлыбритания, Үндістан, Қытай және АҚШ сияқты елдермен бірге 21 халықаралық оқу-жаттығуға қатысқан.
Абзал Тоқбанов, ҚР ҚК Жауынгерлік даярлық департаментінің басқарма бастығы:
- Дайындықтың маңызды бөлігі «Алтын қыран» оқу-жаттығуы шеңберінде Әзербайжан арнайы бөлімшелерімен бірлескен тактикалық міндеттерді орындау, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Пәкістан, Катар, Өзбекстан және т.б. елдердің әскерлері қатысқан «Шекарасыз бауырластық» көпұлтты оқу-жаттығуында әуе барлауын жүргізу, елді мекенге шабуыл жасау және заңсыз қарулы күштерді жою жөніндегі операциялар болды.