Қарағанды облысында 11 әлеуметтік кәсіпкерлік жобаға грант берілді
Биыл Қарағанды облысында 11 адам әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша бес млн теңгенің грантын алды.
Шағын бизнесті қолдауға бағытталған жаңа бастаманың арқасында тұрғындар әлеуметтік тұрғыдан пайдалы жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.
Мысалы, кәсіпкерлер мүгедек жандарды жұмыспен қамтып, көпшілікке өзге де көмегін тигізіп жатыр. Дарья Зайцева әлеуметтік кәсіпкер. Ол ерекше балаларды дамыту орталығына жетекшілік етеді. Биыл кәсіпкер 5 миллион теңге грант жеңіп алған. Бұл қаражатқа кішкентай балаларды жан-жақты дамытуға арналған Монтессори кабинетін ашпақ.
Дарья Зайцева, Балаларды түзету және дамыту орталығының жетекшісі:
- Грант қаражатын қазан айында берді. Ақпан айында кабинетті ашпақпыз. Қажетті жабдықтарды сатып алдық. Мантессори кабинеті кішкентай балалармен жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді.
Балалардың ағзасын оттегімен қанықтыруға арналған аппарат қойылған мына кабинет те әлеуметтік кәсіпкерлік аясында ашылған. Мұнда жетілуі баяу балалар көп келеді. Индира Сейілбекованың 9 жастағы ұлы осымен алтыншы рет ем алған. Қазір денсаулығы жақсарып келеді.
Индира Сейілбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Баламның айналаны қабылдау қабілеті төмен еді. Қатты дыбысқа, дауыстан үрейленетін. Тіпті құлағын жауып алатын. Ал қазір ол әдетін қойды.
Биылдан бастап Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағыты жүзеге асырылып жатыр. Білім мен денсаулық сақтау саласы бойынша кәсіпкерлер ұсынған ерекше әлеуметтік жобалар арнайы тізімге алып, 5 миллион теңгеден грант берілген. Соның негізінде олар мүгедектігі бар жандарды жұмысқа алып, немесе дамуы тежелген балаларға көмек көрсетеді.
Жұлдыз Құсайын, облыстық Кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл біздің экономикамызда басты роль алады. Әлеуметті де жақсартады, бизнес саласын да дамытады. Келесі жылы осындай жұмыстар атқарамыз деген ойдамыз. Жаңа жобалар туындауына кәміл сенеміз.
Облыс бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында 140 адам еңбек етіп жүр. Олар жылына орташа есеппен 1 млрд теңгенің қызметін көрсетіп, қоғамға пайдасын тигізуде. Жергілікті билік тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлерге гранттар ғана беріліп қоймай, бизнесін дұрыс дөңгелетуі үшін тиімді әдістемелер, сенімді серіктестер де ұсынылып отырады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар