Фариза Оңғарсынова жайлы кітап жарық көрді
«Фариза Оңғарсынова кім?». Осындай атаумен балаларға арналған кітап жарық көрді. Мұнда қазақ поэзия падишасының өмір-жолы баяндалған. Әлия Дәулетбаеваның бұл еңбегі мерейтойға құнды тарту болды. Бүгін көрнекті қаламгердің туғанына 85 жыл.
Атыраулық Әлия Дәулетбаева Фариза Оңғарсынованың батасын алғандардың бірі. Қос ақын алғаш Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдық мерей тойында кездескен. Сөйтіп жас ақын, Оңғарсынованың көзіне түсіп, қамқорлығына бөленді. Бүгінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жыр жүйрігіне айналған Әлия өнердегі анасына арнап кітап шығарды. Елордадағы ұлттық кітапханада жаңа туындының тұсауы кесілді.
Әлия Дәулетбаева, «Фариза Оңғарсынова кім?» кітабының авторы:
- Біз барынша осы апайдың бала күнінен дүниеден өткенге дейінгі өміріндегі жүріп өткен жолдарына балаға да, жасөспірімге де, ересек адамдарға түсінікті және тартымды тілмен суреттеуге тырыстық. Мұнда жалпы оқырман біле бермейтін, жалпы жұртқа таныс бола бермейтін мәліметтерді алуға тырыстық. Бұл кітапты жазу барысында апайдың өзінің өмірбаяндық деректері, жазған кітаптары және көзің көрген замандастарының естеліктері алынды.
Ал ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева биыл «Менің Фаризам» еңбегін басып шығарды. Қаламгер кітапқа қазақ өлеңінде өшпес із қалдырған ақын шығармашылығы туралы орамды ойларын жазған.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Фариза болашақтың ақыны. Ол біздің ғана замандас емес, ертеңгі ұрпақтың ақыны. Мақсаты артына, ұрпағына сөз қалдыру. Ол сөзді Фариза қазақ қыздарының ішінен бөлініп шығып қалдырды. Біз оны поэзия падишасы дейміз. Өйткені қазақ қызының қалам ұстауын дәлелдеген Фариза.
Биыл елде Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай көптеген шаралар өтуде. Соның бірі «Фариза және ақын сіңлілері» атты поэтикалық кеш. Өлең тойында ақынның ізінен ерген сіңлілері жырдан шашу шашып, Фариза Оңғарсынова туралы естелік айтты.
Оңайгүл Тұржан, ақын:
- Менің ойымша Фариза Оңғарсынова ХХ ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың басында өмір сүргендігі ғана емес, ол осы дәуірдегі қазақ әдебиетінің деңгейін керемет деңгейге көтеріп берген ұлы ақын деп есептеймін. Өйткені Фариза ақынның өлеңдері жөнінде жалпы әдебиет сыншыларының айтуы, ол – поэзияда өзіндік революция жасаған ақын.
Фаризаның өз дауысы
Бүгін Фариза Оңғарсынованың туған күні. Көптің көкейінде рухты жырларымен сақталған ақын тірі болса 85 жасқа толар еді. Қаламгердің өзі өлгенмен, өлеңі өлмеді. Жас ұрпақтың Фариза шығармаларын жатқа, нақышына келтіріп оқуы мені қуантады дейді, ақынның ұлы.
Алмас Оңғарсынов, Фариза Оңғарсынованың ұлы:
- Жақсы білетін адамдар оның кітабын оқитын адамдар ғой. Оқырмандары көп деп ойлаймын. Мені көп оқымайды деп айтатын еді кезінде, меніңше Оңғарсынованы оқитын халық бар. Оның ішінде жас буындар.
Жыл басынан бері поэзия падишасының мерейтойы елдің түкпір-түкпірінде кең көлемде тойланып жатыр. Бүгін де елордада ақынның туған күніне орай бірнеше шара өтеді.