Құлаған ұшақта болған жолаушылардың туыстары Грозный әуежайында хабар күтіп отыр
Грозный әуежайында Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының жақындары олардың тағдырына қатысты ақпарат күтіп отыр.
Олар апат жайлы әлеуметтік желіден білгендерін айтады. Туыстары қаза тапқан және тірі қалған жолаушылардың нақты тізімі керек дейді.
Билал Эдиев, ұшақ жолаушысының туысы:
- Маған таңертең ағам қоңырау шалды. Бакудемін, ұшып келемін деді. Мен осы жерде күтіп алуым керек еді. Сосын ақпарат көздерінен ұшақ апаты туралы оқыдым. Тек осыдан кейін ғана жолаушылардың арасында ағамның болғанын білдім. Сөйтіп, бірден әуежайға келдім.
Қазір Грозныйдағы "Северный" әуежайында жедел штаб құрылған. Ал Шешенстанда жедел желі ашылды. Апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының жақындарымен төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары мен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Мансур Солтаев, Шешенстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Мұнда төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары, өзге де министрліктер мен ведомство өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ақтаудағы жұмыс тобымен байланысымызды үзбей отырмыз. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілмен хабарластым. Қазір жолаушылардың туыстарымен жұмыс істеп жатырмыз.