Қазақстан тарапы ұшақ апатынан зардап шеккендерге барлық көмекті көрсетіп жатыр
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты.
Өкінішке қарай аман қалғандардың қатарында Қазақстан азаматтары жоқ. 6 отандасымыз жолаушылардың қатарында болған. 5 экипаж мүшесінің 3-еуі тірі қалды. Әуе көлігінің қара жәшігі табылды.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, төтенше жағдай болған жерге барды. Ондағы ахуалды бағамдап, ауруханаға жеткізілген зардап шеккендерге хәл-жағдайын білді. Науқастарға қажетті барлық медициналық көмек көрсетілетінін айтты. Атап өтерлігі, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Астанадан Ақтауға санавиация аттанды. Оның бортында травмотолог, хирург дәрігерлер, басқа да білікті сала мамандары бар.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Ең бастысы аман қалған осы 29 адамның өмірін сақтап қалуымыз керек. Мемлекет басшысы, Премьер Министр бұл жағдайды бақылауда ұстап отыр. Комиссия барлық мән-жайды анықтайды. Оның құрамында барлық қажетті мамандар - криминалист-эксперттер, осы саланың білікті мамандары бар.
Бұдан соң Қанат Бозымбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Вице-премьер алдын ала қандай да бір болжамдар айтуға ерте екенін, мамандар тиісті жұмыстарды жалғастырып жатқанын алға тартты. Оқиға орнында әзербайжандық құтқарушылар да жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның Бас көлік прокуроры қара жәшіктің табылғанын мәлімдеді. Мән-жайды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Менімен бірге криминалист сарапшы мамандар келді. Олар қозғалған қылмыстық іс аясында барлық дәлелдемелерді жинап, ұшақтың құлау себебін анықтайды. Сондықтан алдын ала қандай да бір мәлімдеме жасауға болмайды. Сала мамандары тиісті жұмыс жүргізгеннен кейін нәтижелерді жариялайтын боламыз. Мен құлаған ұшақты өзім көрдім. Оның бөлшектері бір-бірінен 500 метр жерде жатыр. Сондықтан, бұл ауқымды жұмыс. Барлық тергеу жұмыстары еліміздің Бас Прокуратурасының қадағалауында.
Апаттан аман қалғандар облыстық көпбейінді ауруханада жатыр. 11 адам жансақтау бөліміне түскен. Соның 8-і жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ұшақта болған 6 қазақстандықтың бәрі көз жұмды. Оның төртеуі Маңғыстау облысының тұрғындары. Ал қалған екеуі Қостанай мен Астана тумасы.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Ұшақ бортында Әзербайжанның 37 азаматы болды. Оның 23-і қаза тапты. 14-і аман қалды. Қырғызстанның 3 азамат болды. Олардың барлығы дін аман. 16 Ресей азаматының 7-еуі мерт болды. Қазақстаннан 6 жолаушы бортта болды. Біздің отандастармыз қаза тапты. 5 экипаж мүшесінің 3-еуі аман қалды.
Вице премьер қаза тапқан отандастарымыздың отбасына жан жақты көмек көрсетілетінін айтты.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Төрт азамат Маңғыстау облысының тұрғыны екені белгілі. Қалғандары Қостанай мен Астанадан. Олардың отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ заң бойынша барлық төлемдер толық көлемде және кешіктірілмей беріледі. Сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдар зардап шеккен басқа мемлекеттің азаматтарына жан-жақты көмек көрсетіледі. Біздің қазіргі мақсатымыз - олардың осы күндері толық көлемде ем алып, өмірлеріне қауіп төнбеуін қамтамасыз ету.
Оқиғаға байланысты тәулік бойы жедел желі жұмыс істеуде. Жергілікті билік тарапынан барлық ұйымдастыру шаралары қолға алынған.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Әлбетте қазір қаза тапқан азаматтардың жақындары Ақтауға келеді. Олардың мұнда баратын жері, таныстары жоқ екені анық. Сондықтан, оларға барлық жағынан көмектесеміз. Жергілікті билік барлық ұйымдастыру шараларын қолға алған.
Қазіргі таңда оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бастысы ұшақтың қара жәшігі табылды.
Қуандық Танабас