Елді сүю адал қызметтен басталады
Еңбек адамы елеусіз қалмайды. Астаналық Аязхан Бекмырзаев 15 жылдан бері бас шаһардың тазалығына жауапты.
Кәсібіне адал жан бұл іске адами борышым деп қарайды. «Себебі мәдениеттің өлшемі әр аула мен көшенің тазалығынан басталады», – дейді.
Аязхан Бекмырзаевтың таңы әркез осылай басталады. Ол – бас қаламыздың тазалығына жауапты маман. 4 баланың әкесі Түркістаннан 15 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері табан аудармай бір ұжымда еңбек етіп келеді. Әсіресе қыста тірлік қызу. Ел игілігі үшін бір сәтке тыным таппайды. Темір тұлпарын сайлап, Астананың көшелерін жауған қардан тазартуға аттанады.
Аязхан Бекмырзаев, көлік жүргізушісі:
- Мәдениет жақсарып келе жатыр. Қазақ айтады ғой, 5 саусақ бірдей емес деп. Кейде бізге кедергі келтіретіндер болады. Жәрдем беретін адамдар да болады. Қыста 11 сағат жұмыс істейміз. Таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін. Қаланың тазарып жатқанын көрген кезде бұған да менің үлесім бар деген мақтаныш кернейді.
Бас қаланың көшелерін мұнтаздай таза ұстау – жауапкершілігі мол жұмыс. Себебі Астана – елдің айнасы. Тәжірибелі маман бұл іске күнкөріс қамы деп емес, адами борышым деп қарайды. Әрі ауыр да болса, абыройлы міндет арқалаған қарапайым еңбек адамдарына көңіл бөлініп жатқанына қуанады.
Аязхан Бекмырзаев, көлік жүргізушісі:
- Барлық адамға жауапкершілік керек, жауапты болса, жұмыс жүреді. Ең ауыр жұмысты істеп жатқан қарапайым жұмысшылар ғой негізі. Соларға жағдай жасалса екен. Президентімізге рақмет, «Еңбек адамы» деген жылды бекітіп жатыр.
Астананың тазалығына жауапты мекемеде қазір 2 мыңнан асам адам қызмет етеді. Олар екі ауысымда қала аумағын бақылауда ұстайды. Бұл жұмыстар сайлаулы техникасыз өнбек емес. Бүгінде орталықта 500-ге тарта арнайы техника бар.
Қанат Қуанышев, «Астана тазалық» ЖШС бөлім басшысы:
- 700-дей жол жұмыскері, 780 көлемінде жүргізуші-машинистер бар. Астана қаласы бойынша 5 ауданның санитарлық тазалау жұмысын қамтамасыз етеміз. Демалыссыз екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Қала өсіп жатыр, объем өсіп жатыр. Штатқа арнайы техникалар келіп жатыр.
Елді сүю адал қызметтен басталады. Бақытын еңбектен тапқан бұл жандардың қай-қайсы да құрметке лайық.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Руслан Әлиев