Сәтбаев қаласында 25 отбасы баспаналы болды
Сәтбаев қаласында 25 отбасы қоныстойын тойлады, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа жыл қарсаңында баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы аналар, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар мен мемлекеттік қызметшілер бар. Ұзақ жылдар бойы тұрғын үй қорында пәтер кезегінде тұрған отбасыларға үй сатып алу үшін жергілікті қазынадан 127 млн теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, кеншілер шаһарында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Биылдың өзінде көпқабатты үш үйдің құрылысы басталды. Оның 2-еуі жыл соңына дейін аяқталады. Ал жалпы облыс бойынша баспанамен қамту көрсеткіші 2 есеге дейін артты.
Сәбира Сауқым, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Осы уақытқа дейін пәтер жалдап, қаншама жүрдік. Жалғызбасты ана болғаннан кейін қиын болды. Енді 14 жыл күткен үйім ғой. Өте қуаныштымын. Үй жақсы өте, кең. Жаңа үй.
Назгүл Сүттібаева, Сәтбаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Біраз жылдар бойы, өздеріңізге мәлім, бізде арендалық үй дейді ғой, салынып жатқан жоқ. Ең соңғы 2021 жылы салынған. Содан кейін енді қарқын алып отқан несиелік үйлер басталды. 2025 жылы тағы да 2 бес қабатты 60 пәтерлі үй салу жоспарланып отыр. Биылғы жылы конкурстық рәсімделді. Мердігер анықталды. Қаражаты бөлініп тұр.