Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толды
Мемлекеттілігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл. Айтулы датаға орай еліміздің барлық өңірінде көрмелер мен конференциялар және жастармен кездесулер өтіп жатыр. Келушілер назарына қайраткердің мұрағаттық құжаттары мен жеке заттары ұсынылды.
Тұрар Рысқұловтың өмір жолы күрделі сынақтарға толы. Ол қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Бала кезінен жоқшылық көріп өсті. Үш жасында анасынан айырылып, ерте есейді.
Сәбит Шілдебай, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры:
- Тұрар Рысқұловтың туған жылына байланысты түрлі пікір болды. Тұрар Рысқұлов жасын кішірейтіп көрсетті деген сияқты, бірақ біздің архив қорында сақталған 1897 жылы жазылған тарихи құжат бар. Ол құжатта 1897 жылы әкесі Рысқұл Тұрарды 3 жаста деп көрсеткен. Сондықтан оның барлығына нүкте қойылды. Сонымен қатар Тұрар Рысқұловтың Пішпектегі ауыл шаруашылығы училищесінде оқыған құжаттарында да, ол кезде басында Қырғызбаев деген фамилиямен жүрді, бірақ туған жылы 1894 екені көрсетілген.
10 жасында Тұрар Рысқұловтың әкесін кісі өлтіргені үшін қамауға алады. Әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 10 жылға сотталып, Сахалинге жер аударылады. Біраз уақытын жас бала қауіпсіздік мақсатында әкесінің жанында өткізеді. Қудалауға түспеу үшін Тұрардың тегі «Қырғызбаев» деген жалған фамилияға ауыстырылып, нағашыларының қолына келеді. Бозбала бойында темірдей мінез қалыптасып, отаршылдық саясатқа қарсы наразылығы оянады. Бар өмірін осы күреске арнайды.
Асқар Несіпбай, ҚР Президенті орталығының экскурсиялық қызмет сарапшысы:
- 10 жасар бала болса да, әкесімен бірге соттала жаздап, 1,5 жыл бойы Верный түрмесінде жапа шегеді. Осындай қиындықтарды көріп өскен бала өзінің ұлтын нағыз сүйетін кемеңгер қайраткерлердің бірі болғаны сөзсіз. Көптеген әрекеті әлі күнге дейін ұрпақтардың есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
1916 жылы қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Меркіге аттанады. Ауылына келген кезде халықтың бас көтеріп жатқанын көреді. Қарулы қақтығыстар да өрши бастады. Белсенділердің әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеді. Шеру өршіп кеткенде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды. Алайда ешбір әрекетінен кінә таппайды. Айып тағуға дәйек пен дәлел болмаған соң босатып жібереді.
Асқар Несіпбай, ҚР Президенті орталығының экскурсиялық қызмет сарапшысы:
- Жас кезінде қиындық көрсе де, соған қарамастан білімін алуын жалғастырып, үлкен қызметте болғаны белгілі. Мемлекет басшылығындағы ең жоғары қызметтердің бірін атқарып, Түркістан автономдық социалистік кеңес республикасының Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Осы қызметте бола тұра, ашаршылық заманы келе бастаған кезде ол қызметінен бас тартып, Азық-түлік комитеті төрағасының қызметін атқарып, ерекше батырлықтарының бірі: қылышынан қан тамған кеңестік заманға қарамастан 1 млн астам қазақ қандастарымызды аман алып қалған батырлығымен есте қалды.
Тарихшылардың айтуынша, Тұрар Рысқұлов – тек мемлекеттік қайраткер емес, тағы халықаралық деңгейдегі кәнігі дипломат. Мәселен, Моңғолияның қазіргі астанасы Ұлан-Батыр қаласының атауын бекітуге шешуші қолды Тұрардың өзі қойған. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға да сүбелі үлес қосты. Президенттік орталықта өткен көрмеде Тұрар Рысқұловтың «Наурыз» мейрамын мерекелеуді бекіту туралы құжатқа қол қойған жарлығы да сақтаулы.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров, Ислам Маханбет.