Аңшылық туризм дамып келеді

Аңшылық туризм Қазақстанда да дамып келеді. Әсіресе қыстың қансонарын шетелдік қауым асыға күтеді. Шетелдіктер қабан, марал, таутеке сынды жануарларды аулауға құмар. Осы орайда елдегі аңшылық туризмнің әлеуеті қандай екен?

Қазақстанда аңшылық туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Әсіресе шығыс пен оңтүстікте бұл сала жақсы дамыған. Тау-тасты сағалаған аң-құсқа шетелдіктер тарапынан қызығушылық зор және сырттан келгендер жолдаманы қымбатқа сатып алуға дайын.

Олжабек Холов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:  

- Қазақстанның азаматтарына мысалға 1000 теңге тұратын болса, шетелдік азаматтар үшін арнайы рұқсат құжаттарын 10 есе бағамен, яғни мың теңге емес, 10 мың теңгеге сатып алады. Сол бағада әрі қарай өздерінің бағаларын есептеп, жолдама беріп отыратын болады. Ол жолдамалардың бағасы мемлекет тарапынан еш реттелмейді. Себебі аңшылық шаруашылық ұйымдары өз қаражаты есебінен қаржыландырылып отырады.

Аңшылық шаруашылықтар бұл қаржының есебінен биотехникалық жұмыстар жүргізеді, жұмысшыларға жалақы төлейді. Қазір құстар мен терісі бағалы аңдарды атуға берілетін жолдама құны 10 мың теңге шамасында. Ал ашатұяқты жануарларға арналған жолдама бағасы 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін барады. Аңшылардың айтуынша жануарлар тізімін ұлғайту керек. 

Қажым Жұмалиев «Табиғат» республикалық аңшылар қауымдастығының жетекшісі:

- Бүгінде біздің елде негізінен үш жануар түрі шетелде жақсы танымал. Бұлар – марал, елік және таутеке. Бұл тізімге арқарды да қосуға болар еді. Бірақ бұл Қызыл кітапқа енгендіктен оны атуға болмайды. Алайда арқардың саны таутекеден көп. Біз арқардың Қызыл кітапқа енгеніне қарсы емеспіз. Тек қартайған құлжаларын атуға рұқсат берілсе дейміз. Бұл елге шетелдік аңшыларды көптеп тартуға мүмкіндік берер еді. Аңшылық туризмді дамытуға жол ашады.

Олжабек Холов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Биологиялық негіздеме негізінде бұл аңшылыққа берілуі мүмкін. Бірақ бұған дейін ондай рұқсаттар берілмеген. Себебі кәрі аң деп айтып жатсыз ғой, ол табиғаттың өзінің жаңағы реттелетін тұстары болады. Сол себептен ерекше бір қажеттіліктер туындаған жоқ. Сол себепті ондай мүмкіндіктер қаралған жоқ. Бірақ ұсыныстар түскен жағдай әрине біз жан-жақты ғылыми ұйымдарды тарта отырып қарауға дайынбыз.  

Қазір елде Қызыл кітапқа енген 220-дан астам аң-құс түрі бар. Жан-жақты қамқорлықтың арқасында саны өсіп келеді. Мәселен он шақты жыл ішінде құлан 5 мыңға жуықтап, арқар 20 мыңнан асты. Бұларды көбейту жұмыстары жалғаса бермек.