Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жаңа мүше мемлекеттердің туын орнату рәсімін өткізді
Қазақстан Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне жаңа мүше мемлекеттердің туларын орнату рәсімін өткізді, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күніндегі салтанатты шара еліміздің бастамасымен жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бұны Қазақстан өз тарихында алғаш рет 2017-18 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған сәтте ұсынған. Биыл сегізінші рет өткен рәсімге 2025-26 жылдары Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметіне кірісетін Дания, Грекия, Панама, Пәкістан және Сомали елдері қатысты. Аталған мемлекеттердің өкілдері қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген тұғырларға өз туларын орнатып, Қазақстан тарапына алғысын білдіріп, алда атқаратын жұмыстары жайлы қысқаша баяндама жасады.
Естеріңізге сала кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция секілді бес ел тұрақты мүше ретінде қызмет етсе, тағы 10 ел екі жылдық мерзімге уақытша сайланып отырады.
Қайрат Омаров, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
- Біздің ұсынысымызға дейін туларды техникалық мамандар келіп орнататын. Рәсім елеусіз өтетін. Алайда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшелікке ие болу талай жылғы ұмтылыстың жемісі болғандықтан, біздің тарап бұл шараның салтанатты түрде өтуін алға тартты. Бастамамыз қолдау тауып, биыл міне сегізінші рет өтіп жатыр. Шараға әрқашан көптеген елші мен БАҚ өкілдері келеді.
Мохамед Халед Хиар, БҰҰ бас хатшысының көмекшісі:
- Осындай аса маңызды шараның өтуіне мұрындық болған Қазақстанға алғысымыз зор. Бүгінде туларды орнату рәсімі Қауіпсіздік кеңесінің айшықты символына айналып отыр және қазіргі заманда кеңестің тұрақты емес мүшелерінің рөлі ерекше маңызға ие болып келеді. Сондықтан бұл дәстүр олардың жұмысына тың серпін береді деп ойлаймын және алдағы уақытта олардың еңбегі әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің беки түсуіне зор үлес қосады деп сенім білдіремін.