Астанада тағы бір жайлы мектеп іске қосылды

Астанаға қарасты Үркер шағынауданында жайлы мектеп іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Ескі мектепте оқып жүрген 4 мыңнан астам оқушының жарымы енді үшінші тоқсанды жаңа мектепте бастайды. Бүгін бір топ Мәжіліс депутаты №33 мектептің дайындығын барлап қайтты. Екі мыңдық оқушыны қамтитын білім ошағы бір ауысыммен жұмыс істейді. Онда 99 сынып кабинетінен бөлек, 18 қосымша білім беру класы, 21 ойын мен демалыс аймағы және 4 спорт залы бар.

Жалпы 2024-25 жылдары Астана бойынша 90 мың орынға арналған 24 мектептің құрылысы жоспарланған еді. Былтыр бір ауысымды 24 мектеп салынып, іске қосылды. Биыл тағы сегізінің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Шаһардың өзінде салынған 16 жаңа мектеп орын тапшылығын әлдеқайда төмендетті. Сондай-ақ үш ауысымда бала оқытып жүрген астаналық 4 мектептің мәселесі бүгінде толық шешілген.

Қасымхан Сенғазиев, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:

- Нұра ауданы мен Есіл ауданында үлкен тапшылық бар. Міне, осы Нұра мен Есіл ауданының өзінде 15 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі көріп отырған мектебіміз Нұра ауданының Үркер шағынауданында. Бұл жерде 69-шы мектеп болған. Бұл жерде 5 мыңға жуық бала оқитын мектепте. Енді қасында осы мектеп салынғаннан кейін 3 ауысымның мәселесі шешілді.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Енді Астанадан бөлек, шеткері облыстарда, аймақтарды аралаймыз. Ол жерде осы жайлы мектеп бағдарламасына сәйкес салынып жатқан мектептердің құрылысын бақылауына қатысты көптеген сұрақ туады. Білеміз, осы құрылысты бақылауға қатысты тиісті тетіктер уәкілеттілік жергілікті әкімдіктерде жоқ. Оны Самұрық өздері бақылау керек, бірақ орталықтың, министрліктің, Самұрықтың бақылауынан бір бөлек, жергілікті жерде әкімдіктердің бақылауы бір бөлек. Сондықтан бұл мәселені қазір біз көтеріп жатырмыз. Ең маңызды дүние деп ойлаймыз.