Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізіледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин осылай деді.

Айтуынша, енді 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды лицензиялау жүйесі іске асады. Қазір ол үшін кәсіби стандарттар мен оқыту модельдері әзірленді. Сондай-ақ табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларының әрқайсысына 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем тағайындалады. Қазір елде әлеуметтік төлем алатындардың саны 4 жарым миллионға жуықтайды. Соның 2,4 миллионы зейнеткер болса, қалғаны жәрдемақы алушылар.

Олжас Анафин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Атаулы әлеуметтік көмек бірқатар төлемді көздейді. Мәселен, шартсыз және шартты негізде тоқсан сайын берілетін ақшалай төлем. Яғни еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар шартсыз көмек алады. Ал жұмысқа орналаса алатын еңбекке жарамды бір отбасы мүшесі шартты көмек алады. Жалпы қазір біз кедейлік шегінен төмен отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару үшін кешенді қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып келеміз.