Қайтарылған активтер қайда жұмсалып жатыр?
Елімізге екі жылда 1 триллион теңгеден асатын заңсыз шығарылған активтер қайтарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпараты осындай. Олигаполиялардан қайтарылған байлықтардың ішінде Лихтенштейн, Австрия, Франция, БАӘ, Түркия, Ресейден 670 млн доллардан астам қаражат және мүліктер бар.
Бұған халықаралық ынтымақтастық ықпал етті. Мәселен, заңсыз активтер есебінен мемлекет кірісіне биыл жыл басынан бері 900 млрд теңге аударылған. Бүгінде қайтарылған қаражатқа бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы басталды. Еліміздің бірқатар өңірінде оңалту орталықтары мен спорттық кешендер және мектептер салынып жатыр.
Елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару ісі жалғасып жатыр. Мәселе қазір құқық қорғау органдарының да назарында. Былтыр заңсыз активтерді елге қайтару үшін Президент пәрменімен тиісті заң қабылданды. Содан бері саладағы жұмыстар біршама күшейтілді.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мына Әділетті Қазақстан деген қоғам мен халық күтіп отырған заңсыз активтерді қайтару. Оның төңірегінде Парламент қабылдаған заң енді қалай іске асып жатыр дегенді қоғам сұрап отыр. Қазірдің өзінде үлкен жұмыс жасалып отыр. Қараңызшы, міне, бір жылдың ішінде 1 трлн ақша осы жылы қайтарылған. Ал былай ана жылды санасақ, 2 трлн-нан асып бара жатқан ақша. Оның бәрі қайда барады? Заңсыз активтерге, қайтарылған ақшаға әлеуметтік нысан салынып жатыр, қоғам қолдайды ол нәрсені. Керек нәрсе ол.
Мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын арнайы компания бар. Арнаулы мемлекеттік қорды толықтыру мақсатында активтерді сатуды жүзеге асырады. Ал өткізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін басқарушы компанияның барлық активі «E-qazyna» мемлекеттік мүлік порталында кезең-кезеңімен сатылады. Мемлекетке қайтарылған қаржының 220 млрд теңгесі арнайы мемлекеттік қорға түсті. 89,9 млрд теңгенің мүлкі қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілді.
Қуанышбек Мұқаш, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры:
- Осы жақында аукциондар болды. Жер учаскелері бар, жылжымайтын мүлік бар. Көбінесе жер учаскелері мен әкімшілік нысаналар. Айта кету керек, біздің бүкіл компаниямыздың тапқан қаражаты сату арқылы, басқару арқылы қаражаты мемлекеттік арнайы қорға аударылады. Ол қордан, өздеріңіз білетіндей, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін және халыққа жұмыс жасайтын әлеуметтік нысандар салынады.
Ал қазір Мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобалар жүзеге асырыла бастады. Бас прокуратураның мәліметінше, активтерді қайтару субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық қаласында 120 орындық дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда 400 орындық ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған жаттығу орталығының құрылысы мақұлданды. Бүгінде Бас прокуратура комитеті 18 млрд теңгеден аса сомаға 7 әлеуметтік жобаны іске асыру туралы келісімдер жасасқан. Сондай-ақ үкімет Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша мен Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жуырда Ұлытау облысында жаңа білім ордасын салу жоспарда тұр.
Нұрбек Бекеев, Жаңаарқа ауданы білім бөлімі басшысының м.а.:
- Қазір мұнда 120 бала оқиды, тарлық етеді. Ал ғимарат мұндай көлемге арналмаған. Бар мәселе қаржыландыруға кеп тіреледі. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Бір гектар жер учаскесі бөлінді. Мектептің және оған арналған басқа нысандарды салатын орны белгіленді.
Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін Бас прокуратура басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – мұндай активтерді Қазақстан тұрғындарының игілігі үшін заңды айналымға тарту. Құзырлы орган, активтерді қайтару процесін қатаң түрде заңға сәйкес және заңның өлшем шарттарына сәйкес келетін адамдарға ғана қатысты жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгін де Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан аса және шетелдегі 150-ден аса мүлік туралы мәліметтерді талдап жатыр. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыстар әлі де жалғасады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев.