Ақтау ауруханасындағы екі қырғызстандық жолаушы еліне оралады
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының өкілі Тормодур Тормодсон Ақтауға ұшып барды, деп хабарлайды 24KZ. Қазір өңірде барлығы 17 шетелдік сарапшы жұмыс істеп жатыр. Ал ауруханада жатқан 2 қырғызстандық жолаушы ертең еліне оралады. Әзербайжан тарапы да мұндағы отандастарының жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Ақтау ауруханасында жатқан 2 қырғызстандық жолаушы ертең еліне оралады. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Ал жансақтау бөлімінде жатқан үшінші отандасын арнайы әуе кемесімен тасымалдау мәселесі талқыланып жатыр.
Қанатбек Асанов, зардап шеккен жолаушының туысы:
- Құдайға шүкір. Ринатқа кіріп шықтық. Көзін ашып, мені бірден көріп таныды. Рақмет қазақ еліне. Терең разылық білдіреміз. Келе жатқанбыз жүрегіміз орнына келмей, қандай болады деп. Енді үміт көп қой. Разы боп қалдық.
Рамазан Орынбасар, травматолог-дәрігер:
- Қазір енді травматология бөлімінде екі Қырғызстан азаматтары ем алу үстінде. Жағдайлары жақсы. Жаман емес. Қазір шок жағдайдан шығып, өз-өзіне келу үстінде.
Шетелдік жолаушыларды іздеп келген туыстарына психологиялық қолдау көрсетіліп, жатын орынмен қамтамасыз етілді. Әуежайда арнайы кезекшілік жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес апат салдарынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына бірреттік қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар олардың балаларына әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласының әкімі:
- Бір азамат – Ақтау қаласының тұрғыны. Сол тұрғынның отбасына, уәде етілгендей, 5 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Отбасында 3 баласы бар. Балаларына заңнамаға сәйкес ай сайын төленетін жәрдемақы тағайындалады.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен өткен жиында барлық 17 халықаралық сарапшы қатысып, комиссияның жұмыс жоспары нақтыланды. Олар апатқа ұшыраған әуе кемесінің бөлшектері жиналатын арнайы ангарды қарайды. ИКАО Қазақстанның авиациялық билік өкілдерінің тергеп-тексеру барысындағы ашықтығы мен мүдделі мемлекеттермен өзара әрекетін жоғары бағалады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев, Саламат Бекбаев.