Қазақстандықтардың тек 20% жеткізу қызметіне жүгінеді
Қазір көпшілік сатып алған тауарын жеткізу қызметі арқылы алдырады. Алайда бұл салада қызмет көрсететін ірі платформалар елде әлі де аз, саусақпен санарлық қана. Қазір халықтың тек 20%-і ғана осы қызметке жүгінеді екен.
Биыл елдегі жеткізу қызметі 163 млн евро табыс тапты. Ал бюджетке түскен салық көлемі 24 млн евро. Мұндай есептеуді Қазақстандағы ірі жеткізу платформасы мен шетелдік зерттеу ұйымы жүргізген.
Аслан Әбілқайыров, сарапшы:
- Жеткізу қызметі бүгінгі Қазақстан экономикасы дамуының ең ірі драйверінің бірі болып табылады. Соңғы 5-6 жыл барысында көптеген адам жеткізу қызметі бар платформаларды қолдана бастады. Электрондық коммерция саласы Қазақстанда әлі де өсіп жатыр, оның потенциалы өте-өте үлкен.
Дегенмен жеткізу қызметі әзірге нарықтағы жас сектор саналады. Себебі елдегі бұл қызметтің жиілігі әлі де төмен. Мысалы дамыған Оңтүстік Кореяда жылына бір адам кем дегенде 20 рет жеткізу қызметіне жүгінсе, бізде бұл көрсеткіш 3 есе аз.
Айқаныш Сапарәлиева, Жеткізу қызметі платформасының жетекшісі:
- Қазір бізде бір айда 3 млн жеткізу қызметі жүзеге асырылып жатыр десек, осы көрсеткішті 12 айға көбейтіп, елдегі халық санына бөліп көрдік. Ондай жағдайда бір адам жылына тек 7 рет тапсырыс берген болып шығады. Қазір халықтың 20%-і ғана жеткізу қызметіне жүгінеді. Бұл өте аз.
Елдегі шағын және орта кәсіптің 86%-і жеткізу платформаларымен кейінгі 4 жылда ғана серіктесе бастаған. Соның өзінде олардың 95%-тен астамы мұндай ынтымақтастық кәсіп табысын көтеріп отырғанын растайды.