ЖЭО-2 қызметкерлері жаңа жылмен құттықтады

Жаңа жыл қарсаңында да мерекеден кейін де тапжылмай жұмысын жалғастыра беретін мамандықтардың ішінде жедел жәрдем, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет өкілдері бары белгілі. Қаланы жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған орталық қызметкерлері де тынымсыз еңбек етеді.

Ерік Асқаровтың жұмыс күні таңғы сағат 8-ден басталады. Ол жанармай-көлік цехінің темір жолын жөндейді. Бұл жерде көмір тиелген вагондарды қабылдайды. Ерік рельске және құрамдағы жүктің уақытылы түсірілуіне жауап береді. Кешенге жеткізілген жанғыш зат қоймаға немесе қазандық бункеріне жөнелтіледі. Онда уатып отын қылады.

Ерік Асқаров, «Астана-энергия» АҚ ЖЭО-2 Теміржол жөндеу шебері:

- Ешқандай кідіріс жоқ. Уақытында тазалайды. Жұмыс жақсы. Еңбекақы уақытылы беріледі. Кеште шыққанда автобус бар. Үйге дейін апарады. Таңертең үйден жинап әкетеді. Премиясын беріп тұрады.

Ерік Асқаров теміржол техникумын тәмамдаған. Жылу электр орталығындағы жұмыс өтілі 15 жылдан асады. Қарамағында 7 монтер еңбек етеді. Рельс жолағының 11 шақырым учаскесі осы кісілердің мойнында. Жалпы цех ішінде 200-ге жуық маман бар. Тәулігіне 3 құрам қабылдайды. Әрқайсысында шамамен 70 вагоннан. Әрбіріне 75 тонна көмір тиелген. Осылайша қызметкерлердің күн сайын түсіретін жүк салмағы 16 мың тоннаға дейін барады.  

Игорь Кукушкин, «Астана-энергия» АҚ ЖЭО-2 Жанармай-көлік цехының бастығы:

- Тепловоздан 3 техника бірлігі және 9 бульдозер бар. Энергетика саласы тұрақтылықты қажет етеді. Осыған байланысты мамандарымыз күн-түн демей жұмыс істейді. Астаналықтарға үйдің жылулығын және әрдайым жарық болуын тілеймін. Жаңа жылды ойдағыдай көңілді қарсы алыңыздар!

Номері екінші орталық қаланың 70%-ін жылумен қамтамасыз етіп, сағатына 550 мегаватт электр қуатын өндіреді. Бұл энергия елорданың біраз бөлігіне жетеді. Жалпы станцияда мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы қаланы тәулік бойы үздіксіз қуаттандыру жұмысына өлшеусіз үлес қосады. Жұмыс күндері немесе мерекелік демалыс болса да босаңсуға еш болмайды. Ең бастысы олар қателікке жол бермеуді ойлайды.