Ақтөбе тұрғыны бір жылда жинаған тонна қағазды қайта өңдеуге өткізді
Ақтөбе тұрғыны бір жылда бір тоннадан астам макулатура жинаған. Ол қатырма қағаз бен пластик, әйнекті қоқысқа тастамай қайта өңдеуге өткізеді.
Мәдина Кемелбаева мұнымен тоқтап қалмайды. Түскен ақшаға жазда көшет сатып алып, онысын қала көшелеріне егіп жүр. Ал қыста жақындарына гүл сыйлауды әдетке айналдырған.
Мәдина Кемелбаева қайта өңделетін бұйымдарды қоқысқа тастамайды. Тұрмыстық қалдықты сұрыптау оның бала күнгі әдеті. Бүгінде қағаз қалдықтар мен пластик бұйымдарды пайдаға жаратып жүр. Оның экологияға да экономикаға да пайдасы зор екенін жақсы түсінеді.
Мәдина Кемелбаева, қала тұрғыны:
- Қоқыс полигонына шығарылған қалдықтардың 70%-і қайта өңделетін заттар. Егер адамдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, макулатура мен пластикті, батарейкаларды тастамай, қайта өңдесе қоршаған ортаға зиян келмес еді.
Экобелсенді қағаздан жасалған бұйымдардың қалдықтарын үйінде, жұмыста тіпті жақын маңдағы дүкендерден де жинайды. Оның бұл әрекетін әріптестері мен көршілері де қолдап, ескі газет-журналдарды жеткізіп беріп жатады. Тапсырылған макулатурадан түскен қаражатқа ол қыс мезгілінде үй гүлдерін сатып алып, өзіне қолқабыс еткен жандарға сыйлап жүр.
Ботакөз Бодықова, қала тұрғыны:
- Мәдинаның қолға алған ісі қоршаған ортаға, қаламыздың тазалығына қосқан үлкен үлес деп есептеймін. Бұл бастаманы өзге өңірдегі әріптестеріміз де қолдады. Орал, Атырау, Астана қалаларындағы әріптестеріміз кеңседен шығатын қағазды жинап, қайта өңдеуге тапсырып жүр.
Мәдина Кемелбаева қазір қағаздарды көпқабатты үйдегі пәтерінің кіреберісі мен кеңсе қоймасында, жақын маңдағы азық-түлік дүкенінің бос бөлмесінде жинап жүр. Экобелсенді бос ғимарат болса бұл бастамаға үлес қосар жандардың көп екенін айтып отыр. Себебі өңірде соңғы жылдары экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Оған ел Президенті бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы да мұрындық болған.