Елде кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артып келеді

Ғылым және жоғарғы білім саласы жылды қорытындылады. Елде 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 11 ұлттық жоғарғы оқу орны бар.

Мемлекеттік жоғарғы оқу орындарының саны – 29, азаматтық емесі – 14, сонымен қатар дербес білім беру ұйымы – біреу, халықаралық – біреу, акционерленген – 16 және 48-і жекеменшік.

Барлық білім алушылар саны 642,5 мыңнан асады. Оның шінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 255,6 мыңнан астам студент оқып жатыр. Түлектер саны 182,6 мың, оның ішінде бакалавриатта – 157 мың, магистратурада – 21 мың, докторантурада – 1,8 мыңнан астам және резидентурада – 2,1 мыңнан астам адам оқиды.

Жалпы елдегі профессор-оқытушылар құрамы 37,4 мың, оның 46,5 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Яғни 10,5 мың адам ғылым кандидаты, 2,7 мыңнан астамы - ғылым докторы. PhD докторлары – 4,1 мыңнан асады.

Кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл санап артып келеді. 2024-2025 оқу жылына 94,2 мыңнан астам грант бөлінді, оның ішінде 78,2 мыңнан астамы бакалавриатқа, 13,1 мыңы магистратураға және 2,9 мыңы докторантураға берілді. Жаңадан құрылған және халық тығыз қоныстанған облыстардың, батыс өңірлердің жастарына, яғни Абай, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Атырау облыстары және Шымкент қаласы бойынша жыл сайын 5 мың нысаналы білім беру гранты бөлінеді. Байқау қорытындысы бойынша 412 жетім бала, 382 мүгедектігі бар жан, көпбалалы отбасындағы 3 жарым мыңнан астам бала, толық емес отбасындағы 933 бала, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы 437 бала оқу грантын иеленді. Сонымен қатар биыл қабылдау рәсімін өзгерту нәтижесінде 1,6 мыңнан астам этникалық қазақ білім гранттарын алды.