Жаңа жыл мерекесінде «Хабар» арнасы көңіл төрінен орын алар жобалар әзірледі
Жаңа жыл мерекесінде «Хабар» арнасы өз көрермендері үшін көңіл төрінен орын алар әртүрлі жобалар әзірледі. Мәнді де мазмұнды, жас пен жасамыстың талғамынан шығар концерттік бағдарлама «Ғажайып түн» деп аталады. Бағдарламаға еліміздің танымал өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары қатысып, үш сағат бойы естен кетпес мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Адам жанын қуаныш пен шаттыққа бөлейтін жаңа жыл мерекесінде жұртшылық көгілдір экран алдына жиналады. Жылда көрерменді думанды жобаларымен қуантатын «Хабар» арнасы бұл жолы да дәстүрден айнымай, мерекелік бағдарламалар топтамасын әзірледі. Бұл күні көрермен отандық фильмдер мен телехикалар, ән мен күйге толы түрлі ойын-сауық бағдарламаларына куә болады.
Жайнагүл Төлеміс, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Құрметті телекөрермендер, желтоқсанның 31-і күні Хабар арнасымен бірге болыңыздар. Хабар арнасының ұжымы сіздер үшін ең керемет контентті әзірлеп қойды. Осы күні сіздердің назарларыңызға отандық телехикаялардың топтамасын ұсынатын боламыз. Осы күннің екі бірдей тұздығы бар. Сағат 8:00-де басталатын Қызық премия деп аталатын үлкен жобамыз және сағат 10-да Ғажайып түн деп аталатын сіздерді мерекелік ғажайып мерекелік көңіл-күйге әкелетін Хабар арнасының тартуы бар. Өнер жұлдыздары, спортшыларымыз сіздермен бірге Жаңа жылды Хабар арнасында қарсы алатын болады.
«Хабар» арнасындағы көпшіліктің ерекше ілтипатына ие болған «Қызық премия» шоуы осы жолы да мерекелік кештің көрігін қыздыра түспек. Талантты жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек 2024 жылдың үздікдерін анықтап, «Қызық премия» номинацияларын табыс етеді. Ал кешкі сағат 22-00-де басталатын «Ғажайып түн» бағдарламасында Роза Рымбаева, Жанар Дұғалова, Дильназ Ахмадиева, Тамара Асар, Луина, Бүркіт пен Аиша басқа да отандық жұлдыздар көрерменге мерекелік көңіл-күй тарту етпек.
Жайнагүл Төлеміс, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Үш буын өкілдеріне тиесілі өнер жұлдыздарын көрермен алдына әкелуге тырыстық. Ол алдыңғы аға буын, олардың өз жанашырлары бар, одан кейін орта буын өнер жұлдыздары және жаңадан көктеп, бүршік жарып, көрерменнің көзайымына айнала бастаған жұлдыздар Ғажайып түн жобасында өздерінің өнерлерін сыйлайтын болады.
Ғажайыпқа толы кешті «Хабар» арнасының жүргізушілері Мөлдір Доспаева пен Алмас Тоғай тізгіндейді. Сондай-ақ «Келінжан» хикаясы арқылы елдің көзайымына айналған Рүстем Жанаманов, Нұргүл Мыңғатова, Нұрболхан Шарапов пен Әсел Асқар да осы кештің ажарын аша түспек.
Алмас Тоғай, тележүргізуші:
- Әрбір жаңа жыл бала кезден жаңажылдық сыйқыр бар деп сенеміз ғой. Қарбалас, дастархан дайындау, сыйлықтарды дайындау кезінде еліміздің танымал жұлдыздары дуэт болып өнер көрсеткендері, жаңа әндерін ұсынғандары бар. Бұл жердегі ең бастысы көздің жауын алатын картинка деуге болады. Сахнаның безендірілуі, жүргізушілердің бір-бірімен диалогы. Көрермен көңілінен бастан-аяқ шығады деген сенімдемін.
Жаңа жыл мерекесіне орай «Хабар» арнасы өз көрермендері үшін басқа да тосынсыйлар әзірледі. Олай болса «Хабар» арнасы қосулы болсын!