Серік Қалиев – темірдей тәртіпті талап ететін мамандық иесі
Жаңа жыл түні Ақтөбе станциясында 30-дан астам қызметкер пойыздарды қабылдап, сапарға аттандырады. Олардың арасында пойыз құрастырушыларының еңбегі ерен.
Жүк тасымалына жауапты маман оңтүстік пен орталық өңірден жеткен вагондарды көршілес Ресейге жөнелтіп, шеттен келген жүкті ел ішіне бағыттап отырады.
Серік Қалиев Ақтөбе станциясында 6 жыл еңбек етеді. Бекет кезекшісі қызметінен бастаған теміржолшы қазір пойыз құрастырушы. Бала күнінен шойын жолда жұмыс істеуді арманған ол салалық оқу орнында «Қозғалысты ұйымдастыру» мамандығын игерді. Білікті маман қазір жүк вагондарын құрастырып, тиісті бағыттарға жөнелтіп отырады.
Серік Қалиев, пойыз құрастырушы:
- Мысалы, нечетныйға кететін пойызды бөлек жинаймыз, четныйға кететін пойызды бөлек жинаймыз. Оның салмағына қарайды, оның ұзындығына қарайды пойыздың. Сол ұзындығынан асып кетпеу керек кеткен кезде. Оның салмағынан асып кетпеу керек. Сондай жұмыс атқарамыз. Пойыз құрастырушы кез келген ауа райына қарамай жұмыс істей береміз. Өткені жұмыс тоқтамайды бізде.
Темірдей тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін қызметтегі әрбір құрастырушы бір ауысымда 5-6 пойыздың вагонын жиып, сапарға жөнелтеді. Серік Қалиевтің 71 вагонға дейін тізбектеген кезі болған. Қосалқы жолдарда ілгері-кейінді зырғып жүретін тепловоздарға ілесіп, вагондардың берік әрі рет-ретімен тізілгенін бақылайды. Бүгін кезекті ауысымға шыққан ол жаңа жыл түні де қызметте болады.
Серік Қалиев, пойыз құрастырушы:
- Бүкіл қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Аманшылық үйлеріңізге, отбасыларыңызға береке берсін келе жатқан Жаңа жыл. Аман болыңыздар, ауырмаңыздар. Жорытқанда жолдарыңыз болсын.
Темір жол ел логистикасындағы негізгі көлік құралының бірі. Тек Ақтөбе арқылы тәулігіне 30 жолаушылар және 25 жүк пойызы өтеді. Бәрінің дер кезінде сапарға шығып, уақытынан қалмай жетуін станция басында 30-дан астам маман қамтамасыз етеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов